Білікті дін маманын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта Қазақстанның барлық медреселері тынбай еңбек етіп келді.
Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Шымкент медресе» колледжінің 2018 жылғы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі болып өтті.
Салтанатты шараға арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкіл имам Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы, «Қазақстан 2030» жастарды қолдау қорының Шымкент қаласындағы өкілі Сонер Кылыч және аталмыш оқу орнының директоры Талғат Әсембай сынды белді азаматтар қатысты.
Салтанатты шара барысында ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имам Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің жас түлектерге жолдаған ыстық сәлемін жеткізіп, өз сөзінде дін қызметкерінің жауапкершілігі мен маңыздылығын ескертіп, ел болашағы үшін аянбай еңбек етудің қос дүниелік пайдасына тоқталып өтті.
Айта кетейік, биыл «Шымкент медресе» колледжін 32 студент тәмамдап отыр. Оның 19 ер-бала, ал 13 қыз-бала. Осы түлектердің ішінен жеті шәкірт озық шығып, оқу орнын үздік дипломмен аяқтады. Таяу уақытта түлектеріміз еліміздің әр аймағында дін жолындағы қызметтеріне кіріседі.
Жас мамандарымызға өмірлері мен қызметтерінде сәттілік пен табыс тілейміз. Дипломдарың құтты болғай!