2018 жылдың 17 мамыр – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!
Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
Бас имамы
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман қауым! Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтап, Алла Тағаладан Ел амандығын, жұрт тыныштығын, дінімізге қуат, отбастарыңызға береке-бірлік, барша мұсылман халықтарына Жаратқанның жақсылықтары дарысын деп тілеймін.
Рамазан айында барша мұсылман ораза ұстап, Алла Тағаланың мейір-шапағатына бөленеді, қайырлы iстердi көбейтедi, жүрегiн, тiлiн және барша iс-әрекетiн ғибадатқа бейімдейді.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (c.а.с.) рамазан туралы: «Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi», – деген.
Рамазан айына қатысты қасиетті Құран Кәрімде бес аят бар. Олар «Бақара» сүресінің 183-187 аяттары. Рамазан қарсаңында, сол аяттарға тоқталып, әрқайсысына түсініктеме берген жөн шығар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында былай дейді:
«Ей, иман келтіргендер! Бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де тақуалы болуларың үшін (күнәдан сақтануларың үшін) ораза парыз етілді».
«Ораза» жоғарыдағы аятта келген “сиям” деген сөзден аударылды. «Өзін тыю» деген мағынаны білдіреді. Шариғи терминінде «таң атқаннан күн толық ұясына батқанға дейін ниетпен, ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу» деген сөз.
Ораза адамның рухани жан-дүниесін кемелдендіріп, ой-санасын тазалап, нәпсілік қалауларын тізгіндеуге және Жаратушымен байланысын арттыруға жол ашатын ғибадат. Осы тұрғыда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әр нәрсенің есігі бар. Ғибадаттың есігі ораза», – дейді.
Адамның рухани дүниесін жетілдіруді мақсат еткен барша діндерде ораза маңызды рөл атқарады. Демек, Алла Тағала тарапынан парыз етілген ораза ғибадаты дініміздің діңгегі әрі адам баласын тақуалыққа жетелейтін құлшылық түрі.
Мейірімді Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «(Ораза ұстау) Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа (рамазан айынан кейінгі) күндерде өтесін. Және ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын (пидия) берсін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. (Біле-білсеңдер ораза ұстауларың өздерің үшін жақсы», – дейді.
Жылына бір айналып соғатын парыз ораза санаулы күндерден тұрады. Оразаның өзіне тән қиыншылығы мен машақаты бар. Сондықтан Алла Тағала сырқат және сапарға шыққан адамға қиындық үстіне қиындық болмасын деген ниетпен жеңілдік жасайда. Демек, сырқат кісі ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан оралғаннан кейін рамазан айында ұстай алмай қалған күндерін кез-келген айда өтеуіне болады. Ислам ғалымдары сырқат үкімінің қатарына жүкті, етеккірі келген әйел мен емізулі аналарды да қосады. Етеккірі келген әйел рамазан айында тұта алмай қалған күндерін басқа айда қазасын өтеп, оразасын ұстайды. Ал, жүкті әйел босанғаннан кейін, емізулі ана баласын емшектен шығарғаннан соң қазасын өтейді.
Аяттың жалғасында: “Және ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын (пидия) берсін”, – делінген. Демек, бұл аят ұзақ ғұмыр жасап, қарттықтың салдарынан ораза ұстауға шамасы жетпейтін әлжуаз қариялардың үкімін баяндайды. Ондай кісілер әрбір қаза оразасының орнына рамазан айында аш құрсақ жандарға бір кісінің қарны тоярлық тамақ береді. Мұны шариғат тілінде «пидия» деп атайды. Үнемі немесе уақытша бір науқасы бар кісілер ораза ұстауға мәжбүр емес. Ғұламалар айықпас дерті бар жандарды әлжуаз қарттардың тобына қосқан. Олардың ораза қазасын өтей алмасы анық. Өйткені, уақытылы тамақтануына және емделуіне көңіл бөлуілері керек.
«Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды (қолайлық қалайды, қиындық қаламайды). Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін (ораза күнінің) санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – делінеді.
Демек, адамдар үшiн жолбасшы, тура жолды түсiндiрiп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, адал мен арамды, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтан сақтандырушы қасиеттi Құран Кәрім түскен ай осы Рамазан. Олай болса, Рамазан «ораза айы» деп аталуымен қатар, «қасиетті Құран айы» деп те аталады.
Барша мұсылман рамазан айында қасиетті Құранды әлденеше көбірек оқиды. Осы айда Құранды бастан-аяқ хатым ету – Пайғамбарымыздың сүннеті. Сондықтан Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.
Тарауих намазы мүбарак Рамазан айының ең көзге көрінген маңызды ғибадаттарының бірі. Құптан намазынан кейін оқылатын жиырма рәкағаттық намаздың атауы. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Аталмыш намаздың үкімі сүннәт мүәккада (бекітілген сүннет) саналады. Рамазан айында тарауих намазын оқу ислам рәмізі. Тарауих – Рамазан айына ғана тән құлшылық.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірнеше хадистерінде: «Кімде-кім сауабын Алладан күтіп Рамазан намазын (тарауихты) шын көңілмен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», «Алла рамазан айында ораза ұстауды парыз етті. Мен сендерге рамазанның кештерінде намаз оқуды (тарауихты) сүннет еттім. Кім Алла тағалаға шын көңілмен иман келтіріп, қарымын тек Алладан ғана күтіп ораза ұстап, намаз (тарауихты) оқыса, күнәлары кешіріліп анасынан жаңа туған нәрестедей күйде болады», – деп барша үмметін тарауих намазын оқуға ынталандырған.
Рамазан айында ораза ұстау арқылы адамдардың бір-бірімен аралас-құраластығы артады. Барша мұсылмандардың бір уақытта сәресіге тұрып, ауыз бекітуі, ауызашар уақытын бірге күтуі, тарауих намазын жамағатпен оқуы, қадір түнін қарсы алып, айт мерекесін бірге атап өтуі өзара ағайынгершіліктерін арттырып, ынтымақ-бірліктерін нығайтады, шынайы сыйластықтарын қалыптастырады.
Аяттың жалғасында: «Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды (қолайлық қалайды, қиындық қаламайды)», – делінген. Дініміз адам денсаулығына да аса мән береді. Ғибадаттарды орындау үшін денсаулықтың жақсы болуы керек. Сондықтан медицинаның рұқсат бермеуіне қарамай ғибадаттарды жүзеге асыру үшін денсаулығын қауіп-қатерге тігуін дініміз құптамайды.
«Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін (ораза күнінің) санын толтырыңдар», деп аятта оразадан көзделген келесі бір мақсат баяндалады. Мұнан, ораза шүкіршілік етуіміз үшін бұйырылған ғибадат екенін байқауға болады.
Рахман Ие жер бетін сан мыңдаған нығметтерге толтырып, оны өзі сүйіп жаратқан адам баласының игілігіне ұсынды. Жылдың төрт мезгілінде Алланың нығметке толы дастарханы үнемі пенде үшін жайылуда. Өкініштісі, адамзат осыншама көл-көсір нығметтің қадірін білмей жатады. Ал ораза тұтқан адам осы сансыз нығметтердің қадірін бағалап, шынайы түрде шүкіршілік етушіге айналады.
Исламда ораза ғибадаты бес парыздың бірі болып табылады. Рамазан айында ораза ұстамау үлкен күнә. Рамазан айына аман-есен жеткен, дені сау, өзін мұсылман санаған адам шүкіршілігі ретінде ораза ұстауға тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Рамазан айында бір күн әдейі парыз болған оразаны ұстамаған адам өмір бойы ораза ұстап өтседағы, сол ұстамаған күнінің (сауабының) орнын толтыра алмайды», – дейді. Сондықтан Алланың әмірін өз уақытында орындау үлкен сауаптарға кенелтеді.
«Бақара» сүресінің 186-аятында Алла тағала: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине (сонда) тура жол таппақ», – деген.
Бұл аят ораза туралы емес, дұға жайында баяндайды. Алайда оразаға қатысты түскен бес аяттың ортасында тұр. Мұны ғұламалар ораза ұстап жүрген адам үнемі дұғада болу керек деп тұжырымдайды. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.а.с): “Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл. Ата ананың перзенті үшін жасаған тілек, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі”, – дейді.
Оразаға қатысты «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңмен жыныстық қатынаста болу халал етілді. Өйткені бір-біріңді қорғауда олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер…Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан жарық сәуле) айырылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де соңсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп ) иғтикафта болған кеште әйелдеріңе жыныстық жақтан жақындаспаңдар. Бұлар Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Міне, Алла тақуалы болуларың үшін адамдарға аяттарын баян етеді», – деген.
Ораза тек ішіп-жеуден аулақ тұру ғана емес. Оразада жыныстық қатынасқа да тыйым салған. Бұл аят ораза кезіне тән басқа да бірқатар түсініктерді баяндаған. Соның бірі пайғамбарымыздың өте көңіл бөлген «сахур», яғни сәресі уағы. Сәресі ішудің ең сауапты уақыты ауыз бекітудің соңғы уақыты таң намазының алғашқы уақытына таяп апару. Ал, ауыз ашудың ең сауапты кезі күн көзі толық ұясына батысымен ашу. Сәресі мезгілінде ас ішу әрі денсаулығымызды қорғау әрі пайғамбарымыздың сүннетін орындау тұрғысынан өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сәресіде тұрыңдар, сәресіде берекет бар», – деп бұйырған. Бұл әрі түннің өзіне тән берекетінен пайдалану, әрі күн бойы ұстайтын оразаның қиындығын жеңу үшін қажетті болып саналады. Басқа бір хадисте: «Өзге діндердің оразасынан біздің оразамыздың парқы сәресіге тұру», деп көрсеткен екен пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
Ораза ұстағандарға ауызашар берудің сауабы мол әрі ол мұсылман баласына тән дәстүр.
«Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», – дейді. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Бір хадисте былай делінген: «Қияметте Алла тағала кей адамдардан: «Маған неге ас жегізбедің?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?» – дейді. Сонда Алла тағала: «Қарны аш бауырыңа (ауыз аштырмадың) тамақ бермедің. Егер оған (ауыз аштырғаныңда) маған ас жегізгендей сауап алар едің», – дейді.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Саад ибн Убадәның жанына келгенде, ол Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір тілім нан мен зәйтүн ұсынды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ауыз тиіп болып: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін», – деп дұға тілеген. Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.
Ораза ішіп-жеуден және жыныстық сезімге берілуден сақтануға шақырады. Ал, қарын мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсінің нөкерлері екені даусыз. Нәпсі – адамның ішкі жан дүниесі мен рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге көбірек үгіттейді. Сондықтан, отыз күн ораза нәпсіні тізгіндеуге сеп болмақ. Ал, нәпсінің тізгінін қолда ұстау өзіміз үшін жақсы.
Қорыта айтқанда, Рамазан айында шынайы құлшылықпен, ораза әдебін сақтай отырып әр күнімізді өткізсек, сонда ғана мінезіміз көркемдесіп, оразамыз кемелдене түспек. Рамазан айында ораза ғибадатын шынайы ықыласымызбен ұстауды Алла бәрімізге нәсіп етсін.