ОҚО өкіл имамы Бақтыбай қажы Қыдырбайұлының тапсырмасына орай Мақтарал ауданы аумағында «Салт- дәстүрлер мен діни рәсімдерді бірізділікке бағыттау» мәселелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жасалынуда. Бүгін, Аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Бекзат Оқапұлы Сыздықов, Шаблан Ділдәбеков ауылдық округінің мәдениет үйінде, кейіннен Достық ауылдық округі Хайдар Тугушев елді мекенінде орналасқан №39 С. Айни ЖОМ мәжіліс бөлмесінде ауыл ақсақалдарымен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі – облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасы мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылардың «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының халқына арналған үндеуімен таныстырып, үндеуде ұсынылған ұтымды тәсілдерді қолдана отырып, мешіттер жанындағы ақсақалдар алқа мүшелерін, өзге де ауданда айтарлықтай салмағы бар зиялы қауым өкілдерін, белсенді азаматтарды бірлесіп жұмыс жасауға, осынау теріс іс әрекеттерге нақты тосқауыл қоюға шақырды. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары Азиз Бобоев, Еркебай Булутбаев, ауыл биі Акажон Алимов сынды азаматтар өз пікірлерін білдіріп, дүйім жамағатты қолдауға шақырды.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі