Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Сатыбалдыұлы ОҚО облыстық орталық мешіт жанынан имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру курсын ашып, алғашқы дәрісті оқыды.
Бас мүфти дін қызметкерлеріне заман талаптарына сай жан-жақты болу керектігін баса айтты. Имам әмбебап ілімді, тәжірбиесімен елдің көңілінен шыға білуі керектігін ескере отырып, қиын жерден қыйыстыра білу керектігін шегелеп айтты. Дін тазалығын сақтай отырып, амал ететін болсақ, онда діндарлардың абыройы асқақтай береді деп ойын түйіндеді.
«Сіздер кешегі медреседен тәлім алып, әлемге танылған Абай, Бейімбет, Міржақып, Ахмет, Әлихан сынды бабаларымыздың бақытты ұрпақтары екендігін атап өтті. Төл тарихымызды айтуымыз керек. Мүфтиятқа өздеріңіз секілді білімді діни қызметкерлер қажет. Сауатты, тәжірибелі кадр қай кезде болсын кез-келген мәселені шешеді», – деп түйіндеді.
Діни қызметкердің білімдерін кәсіби қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру семинар сабақтары 2 апталық курстардан тұрады. Бұл курстар өзекті болған тақырыптарды қамтиды. Атап айтсақ сенім (ақида), қазіргі фиқһ мәселелері, талас-тартыс мәселелері, шешендік өнер, діни рәсімдер, салт дәстүр, діни қызметкердің этикасы, хадис мәтіні және түсінігі, құран ілімі бойынша сабақтар жүргізіледі. Семинар курстарында сабақ жүргізетін ұстаздар құрамы әлемге әйгілі «Аль-Азхар» университетінің түлектері, «Хасеки» университетінің түлектері және «Нұр-мубарак» университетінің магистірлері. Алдағы уақытта ОҚО бойынша барша діни қызметкерлердің осы діни білім сатысынан өтулері көзделіп отыр.
ОҚО Орталық мешітінің баспасөз қызметі