Бүгін Шымкент қаласы Қаратау аудандық Байғұт баба мешітінде дінтанушы-магистр, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының «Ізгілікке бастар жол» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Игі шараға ардагер имам Бекайдар Әміре, Дәуренбек Тасқараев, орталық мешіттің наиб имамдары Ахметжан Керімбек, Мұсабек Ақтамберді және аудан бас имамы Ербол Қалшабек пен аудан имамдары қатысты.
Тұсаукесер шарасын жүргізген Ербол Қалшабек жаңа кітаптың мән-мазмұнының өзектілігін атап өтіп, оқырманның игілігіне жарайтын пайдалы еңбекке айналуына тілектестік білдірді. Және ақсақалдар мен сала ардагерлері ақ батасын беріп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Өз кезегінде қала бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы кітаптың мазмұнын кеңінен таныстырып, тұсаукесер қонақтарына сиясы кеппеген кітапты сыйға тартты. Сонымен қатар аудан мешіттеріне «Muftyat» баспасынан жарық көрген қосымша 8 кітаптан үлестірілді.
«Ізгілікке бастар жол» атты кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғы сөзімен басталып, түрлі деңгейдегі тақырыпты қамтитын құнды еңбек болып саналады. Онда жастар тәрбиесі, дін мен дәстүр, отанды сүю, имандылық, адамгершілік және түрлі жат ағымдардың арбауынан сақтану т.б. өзекті тақырыптар қамтылған.
Кітап медресе және діни сауат ашу курсының шәкірттеріне, жалпы көпшілік қауымға арналған.
Айта кетейік, кітап авторы Бақдаулет Нұрматұлының бұған дейін түрлі басылым беттерінде ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрген.
Жаңа кітаптың оқырманы көп болсын!

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38