Бүгін Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық құран байқауы басталды. Рухани шара ұлттық мереке — Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылған салтанатты рәсімде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады.
«Оқылған қасиетті Құранның сауабын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның ғазиз рухына және Қазақ даласынан өткен барша ата-бабаларымыз бен ғұлама-ғалымдарымызға, асыл дініміздің жаршысы болған әулиелеріміздің рухына бағыштадық. Отанымыздың, тәуелсіз еліміздің жолында шейіт болған барша асыл бабаларымыздың рухтарына бағыштадық!
Уа, Алла Тағала! Марқұмдарымызды мейіріміңе бөлеп, рухтарын шат қылып, ардақты Пайғамбарымыздың шапағатын нәсіп етіп, жандарын жаннаттық ете гөр!», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Салтанатты ашылу барысында қазақ жеріне Ислам дінінің таралу тарихына арналған бейнеролик көрсетіліп, көрермендер назарына ұсынылды.
Халықаралық деңгейдегі бұл сайысқа әлемнің 21 елінен 22 қари қатысып отыр. Байқау екі күнге жалғасады.
Айта кетейік, Құран жарысы «Munara TV» телеарнасынан және «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетілуде.