Ағымдағы жылдың 15- сәуір күні Шымкент қаласы өкілдігі, Еңбекші ауданына қарасты «Елтай» мешіті , «Маятас» мешіті және «Ибадул Азиз» мешітінің имамдарының бастамасымен «Ислам және Отбасы құндылығы аясында «Дін мен Дәстүр сабақтастығы» бағытында «Қарт жүрген жер береке», «Ұлтаралық татулық», «Садақ ату» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Шымкент қаласының бас имамы Бағдәулет Қажы Нұрматұлы бастаған қалалық мешіттің бірінші наиб имамы Мусабек қажы Ақтамберді және қалалық мешіттің наиб имамдары Ахметжан қажы Керімбек, Мұхамметжан қажы Естемиров, Еңбекші ауданы имамы Орын Ербосын бастаған аудандағы мешіттердің имамдары, сондай-ак, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Елтай, Айнатас және Маятас елді мекендерінің билері, ақсақалдары және тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді сөз сөйлеп : Шымкент қаласының бас имамы Бағдәулет Қажы Нұрматұлы «Қарт жүрген жер береке» тақырыбында «Бүкіл әлем сардары Мұхаммед (с.а.с) өз хадис- шәрифінде: «Қарттарға құрмет және сияпат, Алла тағалаға деген құрметтен туындайды» – деген. Дана халқымыз да бұл хадисті өте жоғары дәрежеде түсініп: Қарт жүрген жер береке – деп нақыл сөз қалдырған. Біз қазақ деген – жетімін жылатпай, жесірін құлатпай, құлағанға демеу болған, қариясын қарттар деген үйге мүлдем тастамаған халықпыз. Мұндағы мақсат – халықтың бойына үлкенді сыйлау, салт-дəстүрден нəр алып, имандылыққа, инабаттылыққа тəрбиелеу, жақсы мен жаманды ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға үндеу болатын. Сөз соңында осындай елді сөзіне тоқтата алған ақсақалдарымыз көп болсын.»,- деді.

Шымкент қаласы өкілдігінің «Дін мен Дәстүр» бағытының жетекшісі Ахметжан Керімбек имам өз кезегінде ұлтаралық татулыққа қатысты: «Халқымызда ұлтаралық татулыққа айырықша маңыз берілген. Қазақтың данасы Ұлы Абай атамыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – деген өлеңі арқылы адамдар арасындағы ынтымақ пен татулықты сипаттауы да тегін емес. Тәуелсіз еліміз татулық бесігінде тербелуде. Бүгінгі таңда Қазақстан ұлттар ынтымағының ұйтқысы болып, күллі жаһанға үлгі болып отыруы зор мәртебе. Еліміздегі 130 ұлтқа өзінің салт -дәстүрін, тілін дінін, ұлтық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік жасағандықтың айқын нәтижесі екені анық.»- деді.

Дөңгелек үстелді модератор Самат Анарбаев жүргізді. Дөңгелек үстел барысында басқа да спикерлер дін мен дәстүрдің сабақтастығына қатысты ойларын айтып, жаңа бастаманың бүгінгі жағдайына тоқталды. Сондай-ақ қатысушылар игілікті істің маңыздылығына өзіндік көзқарастарын білдіріп, қос ұғымның ел болып сақталу жолындағы орнын түсіндіру жұмысына баса назар аудару керектігін айтты.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған модератор Самат Анарбаев бұл игі істе халық болып бірлесіп жұмыс атқаруды және оны жандандыра түсуді ұсынды.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38