Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биыл жолдаған бағдарлық баяндамасына орай, ҚМДБ-ның «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен «Шымкент» медресе колледжі бірлесіп «Бабалар ізімен Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты рухани-танымдық семинары ұйымдастырылды.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, «Шымкент» медресе колледжінің директоры Талғат Әсембай, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, дінтанушы Самат Анарбаев және ұлағатты ұстаздар, студенттер қатысты.
Семинар барысында шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы мен «Шымкент» медресе колледжінің директоры Талғат Әсембай кіріспе сөз сөйледі. Осыдан кейін, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров жуырда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Бабалар ізімен Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты құнды еңбек жөнінде таныстырып, шолу жасады. Осы баяндамадан кейін, дінтанушы Самат Анарбаев «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбын жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдап, түсіндіріп берді.
Семинар барысында тақырыпқа сәйкес, елге белгілі өнер колледжінің ұстазы, ҚР Мәдениет қайраткері Жақып Спатаев, термеші Ербол Халмұрзаев және жас ақын Нұрғали Анапиия арнау айтып, жырдан шашу шашты.
Жалпы, жоғары деңгейде рухани семинар аясында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауапқа қанықты. Сондай-ақ, оқу ордасының ұйғарымымен осы бағытта түрлі деңгеде кездесулер мен семинар-дәрістер өткізілетін болып шешілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі