Биыл қасиетті Қадір түнін ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі айрықша жоғары деңгейде өткізді.
Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды.
Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Арнайы бекітілген рухани бағдарлама аясында ауызашар беріліп, хатым Құран дұғасы жасалды. Түрлі тақырыптарға арқау еткен уағыз-насихаттар жүргізілді. Мешітке келуші жамағаттың діни һәм қазақи әдет-ғұрып, салт-санамыздың насихатау мақсатында сұрақ-жауап айдарына кезек берілді. Елім деп өткен бабалар рухына «Бабалар рухына 100 Құран хатым» шарасы өткізіліп, дұға бағышталды. Мұнымен қатар, түрлі себептермен мешітке келе алмайтын жандарға ҚМДБ-ның «Мұнара тв» телеарнасы мен өкілдіктің «iman.kz» ютуб каналы арқылы тікелей көрсетілім жасалды.
Сондай-ақ, нәпіл намаздар оқылды. Рухани кеш аясында мешітке келуші жамағаттарға «Сәресі дастарханы» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Айт кетсек, қала бойынша бір мезетте 22 мың жамағатқа арнайы әзірленген сәрелік ас ұсынылды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі