Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия дін істер басқармасы арасында меморандум аясында биылғы жылы Рамазан айына Құран хатым өту үшін елімізге 20 қари шақыртылған болатын.
Осы қарилардың ішінде Хамза Өзкурт қари Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық «Әл-Біләл» мешітіне қасиетті Рамазан айында тарауих намазында Құран хатым өткізу үшін келді.
Сонау Түркия елінен келген мейманды жамағатқа таныстыру үшін Шымкент қаласының бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров арнайы барып, мешіт жамағатына таныстырды. Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет пен Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының қасиетті Рамазан айының келуіне байланысты құттықтауын сәлемін жеткізді. Түркиялық Хамза Өзкурт қари Ыстамбұл діни медресесінің түлегі. Түркияда өткен республикалық қарилар жарысының жүлдегері. 2018 жылы Асым қирағаты бойынша ижаза алған. Жалпы, барлық сатылардан өткен тәжірибелі маман екен.
Осы игі шараға Еңбекші аудандық «Әл Біләл» мешітінің бас имамы Берік Қалдаров, іс басқарушы Нығмет Айдаров, найб имам Аманжол Серікбаев, Сұлтан Чапарбаев, Абдусамат қари Әшімбек және мешіт асқақалдары Бегімжан пен Омархан Налтаевтар қатысып, Діни басқарма басшылығына алғыс білдірді.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 44 мешітте тарауих намазында және қалған мешіттерде бесін намазы кезінде онлайн және офлайн түрінде Құран хатым оқылып келеді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі