С: Ихрам кезінде тыйым салынған нәрселер қандай?
Ж: Олар мыналар:
1. Төсек қатынасы.
2. Пасықтық. Бұзықтық.
3. Дау-дамай.
4. Құрылық жануарын өлтіру.
5. Аңды нұсқау.
6. Аңшыға аңды көрсетіп беру.
7. Көйлек, шалбар, қалпақ сияқты дене мүшелерге арнап тігілген не тоқылған киімдер кию.
8. Екі қолына қолғап, екі аяғына тігілген мәсі кию. Егер басқа нәрсе табылмаса мәсісін қонышынан кесіп киеді.
9. Басын не жүзін орау, қалпақ кию не сәлде орау.
10. Иіссу себу.
11. Шашын алу не қысқарту немесе сақалын қысқарту, денесіндегі шаш, түктерді жұлу, қыру.
12. Тырнақтарын алу.
13. Зағыпыранмен не жосамен боялған нәрселерді кию. Егер жақсылап жуылып, иісі шығып тұрмаса болды.
С: Бұл тыйымдар қажылыққа да, ұмраға да бірдей қатысты ма?
Ж: Иә, бұл екі ихрамға байланысты.
С: Ер мен әйелге де бірдей қатысты ма?
Ж: Бұл тыйымдар жалпыға бірдей. Алайда, әйелдің ихрам киімінің кәдуілгі киімінен айырмашылығы болмайды. Басын жабады, жүзін жаппайды.
С: Ихрам халіндегі кісіге жуынуға бола ма?
Ж: Иә, ғұсыл алуына болады. Бірақ та иісі бар нәрселер қолданбайды. Кірлерін езіп кетірмейді. Басын, сақалын сабынмен жумайды.
С: Үйдің, машинаның немесе шатырдың астында көлеңкелеуіне бола ма?
Ж: Көлеңкелеуге болады.
С: Тәлбияны көп айтудың үкімі не?
Ж: Тәлбияны көп айту мәндуб әрі мұстахаб. Әсіресе, намаздардан кейін, таңертең-кешке, төбеге шыққанда, төмен түскенде, адамдарды жолықтырғанда көп айту мұстахаб.