Таспаға жазылған діни уағыздардың бірінде «Қияметте Алла періштелерімен бірге келеді» делінген. Алла Тағаланы келді-кетті деп суреттеу дұрыс па?
Құдіреті шексіз Алла Тағаланың тылсым сипаттарын біздің шектеулі ақыл санамызбен, түйсігімізбен түсіну мүмкін емес. Негізінде, адам баласы не нəрсені болмасын мына өмірде өз көрген-білгенімен салыстырғанда ғана барып ұғынады. Алайда, ғұламалар: «Ақылға салып қалай пайымдасаң да Алла бəрібір оған ұқсамайды» деп ескерткен. Осы себепті, əһлі сүннет ғұламалары: «Алла Тағала кейіннен жаратылғандардан өзгеше, Олардың ешқайсысына ұқсамайды» деп сипаттаған.
Кейбір зерттеушілер «Тəңіріңнің əмірімен періштелері сап түзеп келген сəтте» деген «Əл-Фəжр» сүресінің 22 аятындағы «жəə» – «келді» етістігін Алла Тағаланың өзіне байланыстырып жатады. Əрине, бұл – дұрыс емес. Дұрысы, «Алланың əмірі келген кезде» деп түсіну қажет.
Əсілінде, бұл аят «муташабиһ» – бірнеше мағына беретін, астарлы, сөзге бай аяттардың қатарына жатады. Муташабиһ аяттарды дұрыс түсіну үшін ақида біліміне сүйенгеніміз орынды болады. Сондықтан да, бұндай аяттарды түсіндірген кезде «Əһлі сүннет уал-жамағат» – сүннитердің ұлағатты ұстазы Имам Əбу Мансур əл-Матуридидің тəпсіріне жүгінгеніміз жөн. Ол аталмыш аятты былай түсіндіреді:
– Негізінде, аяттағы «келді» сөзін Алла Тағалаға тіркеп (Алланың өзі келеді деген сияқты), ұшқары пікірден сақтанғанымыз жөн. Өйткені, теология ілімінде «келді» сөзіне бір ғана мағына берілмеген. Тəңірді іс-əрекетке қатыстыра қарау бір басқа да, дене мен тұлға ретінде қабылдау бір басқа. Ал, Алла Субхана уа Тағала дене де емес, іс-əрекет сияқты құбылыстың өзі де емес. Сондықтан, бір физикалық дененің келгеніндей Алла Тағалаға дене сипатын жəне де сол денеден пайда болатын құбылыстық сипатты да байланыстыруға болмайды. Яғни, егер келу сөзі физикалық денеге байланыстырылса, онда, бір орыннан екінші орынға қозғалу деп түсінік туады. Бұл физикалық денеден тұратын жаратылыстың сипаты. Ал Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатпау, ислам ақидасының негізгі қағидаты. «Ол (Алла) ешнəрсеге ұқсамайды» («Шура» сүресі, 11-аят). Ал егер, келу сөзі белгілі бір құбылысқа тіркелсе, онда, сол құбылыстың үстем болғанын көрсетеді. Мысалы: «Алланың жəрдемі келген кезде» («Наср» сүресі, 1-аят). Мағынасы, Алланың жəрдемі үстем болған кезде дегенді білдіріп тұр. «Жəрдемі келді» дегенде бір орыннан екінші бір орынға қозғалды деген мағына тумайды ғой?! Аятты «Алланың əмірі келді» деп тəпсірлеген дұрыс. Оған «Нахл» сүресінің: «Олар періштелердің немесе Рабыңның əмірінің келуін күтеді ме?» деген 33-аяты нақты дəлел болады (Құрандағы муташабиһ аяттарды мухкəм аяттармен тəпсірлеу ақида ғалымдарының берік тəсілі). Өйткені бұл аятта «келу» сөзін Алла өзіне емес «Рабыңның əмірінің келуін» деп, əміріне, бұйрығына тіркеген (Əл-Матуриди тəпсірі).
Сондықтан, сіз кезіккен уағыздың бəрі бірдей дұрыс емес! Діни сауатыңызды арттырғыңыз келсе, уағызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми қызметкерлерінен тыңдап, еліміздегі дəстүрлі дінімізді насихаттайтын www.muftyat.kz, www.e-islam.kz секілді ресми сайттардан ізденуді ұсынамын.
Ершат ОҢҒАРОВ,
исламтанушы,
E-Islam.kz