С: Рамазан айында парыз және сүннет намаздарға қосымша оқылатын намаз бар ма?
Ж: Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім рамазан айында иманды әрі жалбаынған түрде жақсы ораза тұтса, өткен күнәлары кешіріледі. Кімде-кім Рамазан айында иманды әрі жалбарынған түрде намаз оқыса, өткен күнәлары кешіріледі», -деген. Бұл хадистен рамазан айында әдеттегі намаздарға қосымша оқылатын намаз түрі бар екенін аңғаруға болады.
С: Рамазан айының түндерінде оқылатын бұл намаздар қалай оқылады?
Ж: Имам құптан намазынан соң жамағатпен жиырма рәкәғат намаз оқиды. Әрбір екі рәкәғатта сәлем беріп, бес тәруиха – демалыс жасайды.
С: Бұл бес тәруиханы қалай жасайды?
Ж: Әрбір төрт рәкәғаттан соң жасалады. Имам аз-кем тәруиха – демалыс жасап отырады. Тәруиха сөзі аздаған демалыс дегенді білдіреді. Көпше түрі тарауих. Бұл намаздың тарауық аталуының себебі осыдан.
С: Бұл намазды әйелдерге де оқу сүннет пе?
Ж: Иә. Рамазан айында құптан намазынан кейін ерлерге де, әйелдерге де тарауық намазын оқу муәккада сүннет. Ерлер мешітте жамағатпен оқыса, әйелдердің өз үйлерінде оқығандары абзал.
С: Ерлер үшін тарауықты жамағатпен оқудың үкімі қандай?
Ж: Оның үкімі – сүннет муәккада. Тарауықты оқымаған мешіт жамағаты түгел күнәһар болады.
С: Рамазан айында үтір намазы оқыла ма?
Ж: Иә. Тарауық намазын оқып бітірген соң жамағатпен оқылады. Имам намаз үтірінің үш рәкәғатын да дауыстап оқып, Құныт дұғасын ішінен оқиды.
С: Үтір намазын рамазан айынан басқа уақыттар жамағатпен оқуға бола ма?
Ж: Жоқ. Рамазаннан басқа уақытта жамағатпен оқылмайды.