Алла тағала қасиетті Құранда: «Расында Алла, тәубе етушілер мен тазаланушыларды жақсы көреді»- деп, тазалыққа аса мән беруді бұйырған. Сонымен қатар Алла елшісі, ақырет пайғамбары болған Мұхаммед (с.а.с) өз хадисінде: тазалық- иманның жартысы- деген. Мұсылман адам өзін және айналасындағыларды да әрдайым тазалықта болуын қадағалауын ескерткен. Және де Алланың үйі мешіттерді де әрқашан таза әрі көрікті етіп ұстау- мұсылманға міндет десек, қате айтпаған боламыз. Сол үшін де келе жатқан қасиетті Құрбан айтқа байланысты ауданымызда орналасқан барша мешіттерде жамағат, ауыл- қала тұрғындары қолдауымен тазалық жұмыстары жүргізілді. Шалғай ауылдарда орналасқан мешіт имамдарына ауыл жамағаты түгелдей көмек беріп, мешіт іші және сырты абаттандырылып, күл қоқыстардан тазартылды. Атап айтқанда, орталық аудандық «Нұғман» мешітінде мерекеге орай бүкіл көгалды шөптер қырқылып, су бұрқақтары түзетілсе, Абай ауылдық жамағат мешіті ұйымдастыруымен мешіттің ішкі- сыртқы сылақтары түгелімен сыланып, боялды. Жетісай қаласына қарасты «Әт- Тақуа» мешіті жамағат қолдауымен 50 қап цемент алынып, кіре беріс есік алды тегістелді. Қазыбек би ауылдық округінде орналасқан «Құрбан ата» мешіті жамағаты мешіт бағын арам шөптерден тазаласа, Жетісай қалалық «Әл- Құддыс» мешіті есік алдын түгелімен мәрмәр қаптамалармен қаптады. Тазалық жұмыстары бұдан әрі қарай жалғасын табады деген сенімдеміз.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі