Абай атамыздың қара сөздерін оқи отырып, отыз бесінші сөзіне келгенде, университеттегі профессорымның «Һуд» сүресінің (16-17) аяттарын екі сағатқа жақын түсіндірген тәпсірі есіме еріксіз түсті.
Абай атамыздың әр сөзі, Құранның бір тәпсірі десек, артық айтқан болмаспын. Ата-бабамыздың мына сөзін қараңызшы, «Ары тартып арбаны, бері тартып өгізді өлтірме» дейді. Бұл сөз екі дүниеміздің арасындағы өмірімізді меңзегендей.
Профессордың айтқаны осы болатын, дүние деп ақыретімізді, ақырет деп те дүниемізді ұмытуға болмайды. Өйткені осы дүниедегі адал ниетімізбен жасаған ізгі амалдарымыз үшін ақыретте Алланың сый құрметіне лайық болып жәннатқа кіреміз. Ал арам ниетпен ақылсыз амалдарымыз үшін тозақ деген мекеннің бар екенінде білеміз.
Дүние тіршілігінен түбегейлі бастартуға да, не болмаса тек дүние үшін, атақ үшін қызмет етуге дінімізде, ділімізде бұл амалға оң қабақ танытпаған.
Құран Кәрімнің «Һуд» сүресінің 16,17-аяттарында бұл жайында Алла пенделеріне былай деп ескертеді:
«Кім дүние тіршілігін әрі оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз. Сондай-ақ олар кемшілікке ұшыратылмайды. Соларға ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниедегі жасағандары жойылып кетті. Негізінде олардың істегендері босқа».
Абай атамыздың отыз бесінші қара сөзінде: Махшарға барғанда Құдай Тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай Тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір Құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді.
Сонымен қорыта айтқанда, мұсылмандар үшін екі дүние ақиқат екені бәседен белгілі нәрсе. Олай болса бұл дүниенің жалғандығына алданып, о дүниені естен шығаруға болмайды. Осы жалған дүниеде жүріп мәңгілік ақиқат дүниенің қамын жасау – әр мұсылманның міндеті.
Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің: «Қара бол, хан бол мейлі қамыңды қыл, Мекенің мен дегенмен молалықта», – деген өсиетнамасы әркімнің жадында болса нұр үстіне нұр болар еді.
Исатай Бердалиев,
Ислам құқық ғылымдарының доктoры