Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада Кувейт мемлекетінің еліміздегі Төтенше жəне Өкілетті елшісі Тареқ Абдулла əл-Фарадж мырзамен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Кувейт арасындағы руханият, мəдениет, ғылым мен білім саласы бойынша байланыстар сөз болды.Мəртебелі мейман ресми кездесуге мүмкіндік жасаған Бас мүфтиге алғысын білдірді. Өз кезегінде Тареқ Абдулла əл-Фарадж Қазақстанда қалыптасқан дінаралық, ұлтаралық келісім мен диалогтың жаңа мүмкіндіктерін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білім мен ғылым саласы бойынша бастамаларына Кувейт тарапынан қашан да қолдау болатынын жеткізді.Бас мүфти басқосу барысында қазақ топырағынан шыққан дін ғұламалары жайлы, тəуелсіздік жылдарында салынған мешіттер мен медреселер туралы əңгімелеп берді. Кездесу соңында тараптар ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты.