Қияметтің алдында мұсылмандар 73 ағымға бөлінеді десе де, бәрінің бір жамағат болғаны жақсы. Өйткені Пайғамбарымыз с.а.у жәннатқа үмметінен бір топтың ғана кіретінін айтқан. Ол қай топ екенін сұраған сахабаларына: «Әһли суннә уәл жәмаға» деп жауап берген.

Еліміз Имам ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Бұл сүнниттік ұстанымдағы ең дұрыс мәзһаб. Сүнниттер – ешкімге зияны жоқ, дінге де, қоғамға да, отбасына да пайдасы көп бір үмбет.

Алайда, қазір түрлі ағымдар дін бұзып жүр. Бабаларымыз айтқан нағыз дүмше молдалар пайда болды. Құранда сан ұлтты болсақ та бөлінбей, Алланың дініне жабысып, бірлікте тірлік кешуге бұйырылғанбыз. Өйткені «Дінде зорлық жоқ». Алла Тағала кімді қалайды, соны мұсылман қылады, адасқанды тура жолға салады.

Ал, екі аяқты пенде ешкімді де зорлық-зомбылықпен дінге кіргізе алмайды және діннен шығара да алмайды. Кім біреуді кәпірге теңеп күпірлік қылса, қияметте соның өзіне сондай айып тағылады.

Бүлік – ол бос әурешілік. Таухидті білмеген – Алланы танымайды. Ал, шын мұсылманның сипаты көркем мінез бен тақуалық. Тақуа – тек татулықты және тыныштықты қалайтын, бар-жоғы білінбейтін кісілер.

Сондықтан мешітке келіп шу шығару ол мұсылманға жат қылық. Ондай мінезімен ол адам имамға емес, Аллаға доқ көрсетіп тұрғанын ұғынатын кез келді…

Бүгін Шымкент қаласына ат басын бұрған ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, белгілі ғалым Сансызбай қажы Шоқанов «Дін ислам» мешітінің жамағатына осы тақырыпты тарқатып насихат айтты. Ұстаздың уағызына жастар да көп жиналды.

Алланың үйі бәрімізге ортақ болғандықтан, бір үмбет екеніміз де рас, ендеше неге бір жамағат боп өтпеске. Бүгінгі уағыз да бір мешітте бір жамағат, бір үмбетке арналды.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38