Әдетте осы мәселе төңірегінде сұрақ көп туады. Ең алдымен әрбiр намазды өз уақытында оқу парыз екендігін есте сақтағанымыз жөн. Өйткенi уақыт — намаздың бiр шарты. Алла Тағала Құран Кәрiмде:

 «Расында намаз мүминдерге белгілі уақытта парыз қылынды»,[1]деген. Басқа бір аятта:  

«Намаздарға, сондай-ақ орта намазға сақтық жасаңдар. Әрі Аллаға бой ұсынған түрде тұрыңдар»[2]делінсе, тағы бір аятта:

 «Түннің күндiзге таяу кезінде намазды толық орында …»,[3]деп бұйырылған. Бұған қоса Жәбірейл (ә.с) Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) бес уақыт намаздың уақытын арнайы бiлдiрiп, намазды уақытында оқуды үйреткен. Мұнда бiр уақытта екi намаз оқу жоқ.[4]

Әр намазды өз уақытында оқу қағидасынан тыс қажылардың Арафатта бесiн мен екiнтi намазын бесiн уақытында; Муздалифада ақшам мен құптан намазын құптанның уақытында бiрiктiрiп оқитыны бар. Бұлардың бiрiне «жәмут-тақдим» (алдын ала қосып оқу), ал Муздалифадағы біріктірілген намазға «жәмут-тәхир» (кешіктіріп қосып оқу) делiнедi. Жалпы айтқанда, екi намазды бiрiктiрiп оқу араб тілінде «жәмус-саләтәйн» деп аталады.

Арафат пен Муздалифада екі намазды бір уақытта бiрiктiрiп оқу жайында мужтәһидтерде бiрдей көзқарас қалыптасқан. Өйткенi Әл-Уәдә (қостасу) қажылығы кезiнде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жасаған іс-әрекеттері мен айтқан сөздерi намаз уақыттарын белгiлейтiн аят және хадистердiң күшiндей қуатты болып саналады.

Осыған байланысты Абдуллаһ бин Мәсудтан (р.ә) былай риуаят етiледi:

«Мен Алланың елшісінің (с.ғ.с) бiр намазды өз уақытынан басқа бiр уақытта оқығанын ешқашан көрген емеспін. Тек екi намаз бұдан бөлек. Ол Арафатта бесiн мен екiнтiнi, Муздалифада ақшам мен құптанды бiрге оқыған еді».[5]

Сол Абдуллаһ бин Мәсуд (р.ә) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтыс болғаннан кейiн жасаған қажылығы кезiнде Муздалифада ақшам мен құптан намазын бiрiктiрiп оқыған. Таң намазын ертерек оқығаннан кейiн Алланың елшісінің (с.ғ.с) былай дегенiн жеткiзген: «Ақшам мен құптаннан тұратын бұл екi намаздың осы Муздалифа жерiнде бекiтiлген уақыттары ауыстырылған. Адамдар Муздалифада құптан уақыты кiрмей тұрып бұл екi намазды ертерек бiріктiрiп (оқып) жүрмесiн».54

Имам Шафиғидың көзқарасы бойынша бесiн мен екiнтiнiң, ақшам мен құптанның бiрiктiрiп оқылуы жаңбыр жауған кез, науқастық немесе сапарға шығу сияқты үзiрлі себептi рұқсат етіледі әрі жайыз болып саналады.

Алланың елшiсiнiң (с.ғ.с) Арафат пен Муздалифадан басқа уақыттарда да екі намазды қосып оқығандығы айтылады. Мысалы, Салим бин Абдуллаһ әкесiнен былай риуаят етіп жеткізген. Оның айтуынша:

«Алланың елшісі (с.ғ.с) сапарға асыққан кезде ақшам намазын кешiктiрiп, құптанмен бiрге оқыған».[6] Тағы да Муаз бин Жәбәлдiң риуаятында былай делінеді:

«Біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бiрге Тәбук сапарына шықтық. Алланың елшісі (с.ғ.с) бесiн мен екiнтiнi, ақшам мен құптанды бiрге оқыды».[7]

Міне, осы және осыған ұқсас хадистерге байланысты екi намазды бiрiктiруге тек Арафатта және Муздалифада ғана рұқсат етіледі деп санайтын біздің Әбу Ханифа мазһабы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бiрiншi намазды уақытының соңында, ал екiншi намазды уақытының алғашқы кезiнде оқыған, сөйтіп әр екi намаз өз-өз уақытында оқылған деп есептеледі. Бұл жерде сырттай бiрiктiрiлген сияқты көрінгенмен негiзiнде екi намаз да өз уақытында оқылған. Абдуллаһ бин Аббас (р.ә) риуаят еткен мына хадис осыны қуаттайды.

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинада қорқыныш немесе жаңбыр болмаса да бесiн мен екiнтiнi, ақшам мен құптанды бiрге оқыды». Ибн Аббастан Алланың елшісі (с.ғ.с) мұнымен не iстегiсi келгенiн сұрағандарға ол былай жауап бердi: «Үмметiне қиындық туғызғысы келмедi».[8]

Ешбiр Ислам ғылымы жайшылықта екi намазды бiрiктiру жайыз деп айтпаған. Сондықтан жоғарыдағы Ибн Аббастан жеткен хадис бiрiншi намазды уақытының соңында, ал екiншi намазды сол намаздың алғашқы уақытында өтеу мағынасына келедi. Бұдан түсiнетiнiмiз Арафат пен Муздалифадағыдан басқа екi намаздың бiрiктiрiлуi тек сырттай ғана болған. Негiзiнде екi намаз өз уақыттарында оқылған, бiрақ бiрiншi намаз уақытының соңына кешiктiрiлiп, ал екiншi намаз алғашқы уақытта оқылған.

Сапарда намаздың уақытынан бұрын жәмиут-тақдим (алдын ала қосып оқу) түрiнде оқылатындығын бiлдiретiн Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Муаз Ибн Жәбәлдан жеткен риуаятынан басқа хадис жоқ. Бұл хадисте былай делiнген: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Тәбук сапарында күн батқаннан кейiн жолға шығатын болса құптанды ертелетiп ақшаммен бiрге оқитын».[9]

Бұл хадис мухаддистердiң сынына ұшыраған. Мысалы, Әт-Тирмизи бұл хадистi «ғариб» десе, Әл-Хаким оны «жалған» деген. Әбу Дауд намаздың уақытынан бұрын оқылатындығын бiлдiретiн нақты хадис жоқ екенiн айтқан.[10]

Имам Мәлик те Арафат пен Муздалифадан басқа жерде екi намазды бiріктiруді сырттай ғана мүмкiн санайды. Ол кісі былай дейдi: «Егер қиындық болмаса, сапарда кісінің екi намазды бiріктiрiп оқуы жайыз емес. Сапардағы адамбесiн мен екiнтiнiң арасында қиналса, бесiндi уақыттың соңына дейiн кешiктiрiп оқиды, сосын екiнтiнi уақыттың алғашқы бөлiгiнде оқиды. Ақшам намазын да уақыттың соңына, шапақ жоғалардың алдына дейiн кешiктiрiп оқиды. Сосын құптанды алғашқы уақытта оқиды».[11] Олай болса Ханафилер мен Мәликилердiң екі намазды бiріктіріп оқу турасында көзқарасы бiрдей.

Абдуллаһ бин Аббастан Алланың елшісінің (с.ғ.с) Мәдинада бесiн мен екiнтiнi және ақшам мен құптанды сегiз және жетi рәкәғат түрiнде бiрге оқығандығы риуаят етiледi. Әбу Әйюб: «Ойлап қарасам, бұл жаңбырлы бiр түнде болған»,-дегенде Ибн Аббас: «Мүмкiн»,-деген. Әмр айтады: «Мен ей, Әбуш-Шаса! Негiзiнен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бесiндi кешiктiрiп, екiнтiнi уақытының басында оқыған, ақшамды кешiктiрiп құптанды уақытының басында оқыған шығар,-дедiм. Ол: «Мен де солай ойлаймын»,-дедi.

Имам Муслим: «Алланың елшісі (с.ғ.с) қауiп болмаса да, әлде сапарға шықпаса да бесiн мен екiнтiнi, ақшам мен құптанды бiрге оқыды»,-деген. Ол кісінің басқа бiр риуаятында: «Қауiп және жаңбыр болмаса да»-делінген.[12]

Қорытындылар болсақ, қажылық кезiнен басқа жәй сапар, науқастық, қатты жаңбыр және осындай қиыншылық кезде бесiн мен ақшам намаздарын соңғы уақыттарында, дереу соңынан екiнтi мен құптан намаздарын алғашқы уақытта оқуға болады. Осылайша екi намаз бiрге, бiрақ өз уақыттарында оқылады. Мұны Ислам дінінің мұсылмандарға жасаған бір жеңiлдiгi деп түсінеміз.[13]

[1] Ән-Ниса сүресі, 103-аят.

[2] Әл-Бақара сүресі, 238-аят.

[3] Һуд сүресі, 114-аят.

[4] Ахмад Ибн Ханбал, I, 382, III, 330, 321, 352; Әш-Шәуқани, Нәйл, I, 300.

[5] Әл-Бухари, әл-Хаж, 99; Муслим, әл-Хаж, 288; Тәжриди-Сарих Тәржәмасы, II, 487, 488; VIII, А. Дауудоғлу, Сахихи-Муслим Тәржәмасы, Станбул, 1977, IV, 136.

 

[6] Муслим, әс-Салатул-Мусафирин, 45.

[7] Муслим, ІІ, 10; Әбу Дауд, І, 285, Ибн Мәәжә, І, 340.

[8] Сахихи-Муслим, Ауд. 136, 137.

[9] Әбу Даут, II, 18.

[10] Әш-Шауқани, а.а.а, III, 262; Сахихи-Муслим, Ауд. IV, 136; Ибн Абидин, Рәддүл-Мухтар, (ауд. А. Дауытоғлу),  Станбул, 1982, II, 62, 63.

[11] Мәлик, Әл-Мүдәууәнә, I, 116, 117.

[12] Әл-Бухари, Мәуақит, 12; Муслим, Мусафирин, 194, 54; Әбу Даут, әс-Сафар, 5; Ән-Нәсәәй, Мәуақит, 47; Мәлик, Муатта, Әс-Сапар, 5.

[13] Х. Дөндүрен. Делиллери иле Ислам Илмихали, 204-бет.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38