– Талғат Сейткәрімұлы, сұхбатымызды өзіңіз басқаратын «Зекет» қорының қазіргі атқарып жатқан қызметінен бастасақ. Елімізде жарияланған төтенше жағдай қор қызметін тұралатып тастаған жоқ па?


– Төтенше жағдай барлық салаға қатты әсер етті. Біраз адам жұмысынан айырылып, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті жабдықтар мен азық-түліксіз қалды. Осындай қиын сәтте біз мұқтаж жандарға барынша көмек қолын созуға тырысудамыз. Мысал ретінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық керуенін айтуға болады. Осы күндері «Зекет» қорыны республика бойынша мыңдаған мұқтаж отбасыға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік таратты. Ең бірінші болып карантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына өңірлерден арнайы қайырымдылық керуендері жеткізілді. Бұл іс-шараға «Зекет» қорының өкілдері мен өкіл имамдар толығымен атсалысты. Осындай қиын-қыстау кезде аймақтардағы өкіл имамдар және «Зекет» қоры өкілдері жамағатпен бірігіп, ауқымды қайырымдылық шаралар атқарғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға үлкен алғыс айтамын. Атсалысқан барлық азаматтарға Алла разы болсын!
Жалпы республика бойынша «Зекет» қорының ұйымдастыруымен жасалған қайырымдылық іс-шаралары жайлы айтар болсам, ҚМДБ-ның Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің есебі бойынша соңғы екі аптада 11 678 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді, 31 825 бетперде таратылып, халықтан жиналған барлығы 161 миллионнан аса теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
– Әлемді жайлаған коронавирус індеті экономикалық жағынан да соққы берді. Мешіттерге жамағаттың жиналмауы салдарынан садақа түсімі де азайып кеткен болар. Бұл жағдай «Зекет» қорының қызметіне әсер етті ме?
– Расында бұл індет экономикалық жағынан кәсіпкерлерге де, қарапайым жамағатқа да соққы бергені анық. Сонымен қатар күнделікті тұрмыс-тіршілікке де кері әсерін тигізгенін көріп отырмыз. Біздің қайырымдылық істерге, зекет жинау-тарату жұмыстарымызға да едәуір соққы болды. Мешіттерге жамағаттың жиналмауы біздің көңілімізге қаяу түсіреді. Алайда, «Зекет» қоры садақа және зекет берудің басқа оңтайлы жолдарын осыдан бірнеше жыл бұрын бір ізге қойған болатын. Мысалы, Зекет қосымшасы немесе зекеттің ресми сайты арқылы онлайн садақа жасау, зекет беру тәсілдері. Сонымен қатар, «Зекет» қорының электрондық баннерлері Qiwi терминалдарында орналасқан болатын. Алайда, елімізде төтенше жағдай жарияланып, көп жерде карантин ережелері іске қосылғандықтан, садақа беру де осы күндері бірнеше есе күрт төмендеп кеткені шыңдық. Дегенмен, еліміздегі жағдай тұрақталғанда, ісіміз қайтадан бірізділікке түсіп, жобаларымыз өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
– Өзіңіз айтып отырған «Зекет» қорының Qiwi терминал, онлайн садақа жасау секілді жүйелері қалай жұмыс істеп тұр?
– «Зекет» қорының басты принциптерінің бірі – ашықтық. Сол себепті қаражат ағымы барынша қаржылай мөлдірлікке сай болуы керек. Осы мақсатта жұмыс істеудеміз. Қордың зекетке және садақаға арналған есеп-шоттары бар. Келіп түскен қаражатты қадағалап, ашықтықты көздегендіктен, онлайн садақа жасау және онлайн зекет төлеу жүйелерін іске қосылған. Арнайы мамандармен жасалған онлайн зекет калькуляторын халық қолдануда. Бұл ыңғайлы калькулятор арқылы зекет беруші өзіне парыз болған қаражаттың сомасын есептей алады. «Зекет» қорының басты мақсаты – шариғат үкіміне сай зекетті жинау және тарату. Бір сөзбен айтқанда Алланың парызын орындаушы мен мұқтаждың арасында көпір болу.
– Жақында Каспи қосымшасы арқылы «Зекет» қорына садақа аударуға болатынын естіп қуанып қалдық. Қосымшаның қауқары қандай болмақ?
– Қазіргі таңда Каспи қосымшасы – қолданылуы жеңіл әрі жылдам аударма жасауға мүмкіндік беретін ең танымал қосымша. Көптеген қайырымдылық қорларының арасынан «Зекет» қоры іріктеліп, қосымшаға енгізілді. «Зекет» қоры мен Каспи банкінің басшылығы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, екіжақты келісімге қол қойылды. Әрине, бұл іс біраз уақытты талап етті. Себебі ұсыныс білдірушілер арасынан есебі түгел, қайырымдылық істері тұрақты және бастысы ашықтықты негізге алған қор екенін дәлелдеу керек болды. «Зекет» қоры оны дәлелдей білді. Нәтижесінде біздің қор қосымшаға енгізілді. Бұл бізді қуантып, болашақта жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады.
– Биыл ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай 30 баспана беру бастамасы көтерілгені белгілі. Осы тұрғыда «Ел үлесі – пәтерге» акциясы туралы да сұрай кетсек. Мұқтаж жандарға баспана беру мәселесі қалай шешілуде?
– «Ел үлесі – пәтерге» жобасы 2018 жылдан бастап іске қосылғанымен, қазіргі таңда «Зекет» қоры 192 пәтердің кілтін мұқтаж отбасыларға табыстады. Баспана кілтіне ие болғандар қордың базасына тіркелген мұқтаж жандар арасынан арнайы комиссия мүшелері арқылы іріктеліп алынады. Олардың арасында көпбалалы жалғызбасты аналар, мүгедек жандар мен жетім-жесірлер бар. Биыл ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай 30 баспана беруді қолға алдық. Біз бұл санмен шектеліп қалмай, барынша көп мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз.
Сұхбаттасқан Әбу НАЗАР

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38