Saxabalardin onegeli Omiri

Saxabalardin onegeli Omiri

Сахабалар – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сенімді серіктері. Олардың әрбір іс-әрекеттері исі мұсылман баласы үшін үлкен үлгі, өрнекті өнеге.Пайғамбарымыздың өмірін өздеріне үлгі еткен сахабалардың саналы ғұмырлары біздер үшін әрі белгіленген бағыт-бағдар болып табылады.
Сахабалар туралы сөз етерден алдын «сахаба» сөзіне түсінік берген Ислам әлеміндегі үлкен ғалымдардың пікірлерін келтіре кеткен жөн. Мысалы: Ибн Хажәр (р.а.), «Пікірлердің басымы: «сахаба» деп Нәбимен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүздескен, мұсылман болған әрі мұсылман болып жан тапсырған адам айтылады. Бұл санатқа Нәбиді (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір мәрте болса да көрген мүміндер жатады. Бұл мәселеде оның Нәбимен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүздесу мерзімі, оның Нәбиден (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) риуаят еткені не болмаса риуаят етпегені, Нәбимен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге соғысқа қатысқан-қатыспағаны, сұхбаттасқан-сұхбаттаспағаны есепке алынбайды. Нәбидің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зағип замандас мұсылман да сахаба болып есептеледі.
Нәбидің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде кәпір болып, кейін ол дүние салғаннан соң иманға келген, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық басталудан бұрын көрген мүмін Кітап иелері, Нәбидің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде иманға келіп, бірақ діннен қайтып муртад болған адамдар сахабалар қатарына жатпайды. Ал дінді қабылдап, кейін муртад болған, сонан соң қайта иманға келген адам, ол тіпті содан соң Нәбиді (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайта көрмесе де, сахабалар қатарына жатады.
Жоғарыда айтылғанды тұжырымдайтын болсақ, «сахаба» дегеніміз, ол: Нәбиді (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүмін болған халде көрген әрі иманды болып жан тапсырған мұсылман.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сенімді серіктерінің бірі Әбу Һұрайра (р.а.) айтады:«Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірстанға келгенде: «Әс-саләму ғәләйкум, уа мүміндер мекенiнiң тұрғыны болған қауым! Бiз де, Құдай қаласа, сендерге қосыламыз. Мен бiздiң бауырларымызды көрудi қалаймын» – дедi. Сахабалар: «Уа, Расулулла! Бiз Сiздiң бауырларыңыз емеспiз бе?» – деп сұрағанда, Ол: «Сендер Менiң сахабаларымсыңдар. Менiң бауырларым – әлi дүниеге келмегендер» – деп жауап бердi».
Бұл жерде «Менiң бауырларым…» – яғни, сахаба болмаған, бiрақ мұсылман болу себебiнен дiндегi бауыр. Мәселен, қазiргi дәуiрдегi өмiр сүрiп жатқан мұсылмандар» туралы айтылған деуге болады.
Сахабаларды тілдеуге, олар туралы нашар сөздер айтуға жол берілмейді. Бұл жөнінде Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:«Менің сахабаларымды сөкпеңдер! Жаным билігінде болған Алла Тағаламен ант етемін! Сендердің бірің тіпті Ұхуд тауындай алтын сарып етсе де олардың бірі жұмсағанның жартысын да сарып еткен болмайды».
Сахабалардың діндегі орындары ерекше. Бұл туралы Нәби (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:«Менің сахабаларымның мысалы астағы тұз тәрізді».Яғни, бұл жерден тұз астың дәмін кіргізетіндей, сахабалардың да дүние тіршілігіндегі орындары мен маңыздарына ерекше мән берілетіндігін байқауға болады.
Сахабалардың құрметі жөнінде Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына тіл тигізуші болмаңдар! Өйткені, олардың бір сағаттық ісі сендердің өмір бойын істегендеріңнен абзал».
Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары қатты жақсы көрді. Тіпті, Оны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көргені соншалық6 Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибадатқа, құлшылыққа қатысты емес те жасаған барлық іс-әрекеттерін қайталайтын. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында бір сәтке де болсын болуға тырысатын. Тіпті, мүбарак жүзіне қараудың өзі олар үшін мына дүниенің барлық байлығынан, жақсылығынан артық көрінетін. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) Расулуллаһтың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак жүзіне қарап, «Қандай көркем», – деп таңданатын.
Хазреті Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Әбу Бәкірдің мал-мүлкіндей ешкімнің мал-мүлкінен пайдаланған емеспін…»- дегенін естіген Әбу Бәкір (р.а.) көз жасын төге отырып:
– Мен және мал-мүлкім тек Сен үшін емес пе, ей, Аллаһтың Елшісі(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ?! – (Ибн Мәжә, «Мұқаддимә», 11) деп, өзін толығымен Расулуллаһтың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолына арнағанын дәлелдеді.
Сахабалардың дәрежелері де әртүрлі болып келеді. Әһлүс-сунна уәл-жамаға ғалымдары хазіреті Әлидің (р.а.) мына сөзімен бірауыздан келіскен:«Нәбиден (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соң бұл үмметтің қайырлысы Әбу Бәкір (р.а.), кейін Омар (р.а.). Ал Омардан (р.а.) соң сахабалар Османға (р.а.) байғат беруге бір ауыздан келіскен».
Жоғарыдағы хадисте айтылғанындай сахабалардың ішіндегі абзалы, қайырлысы төрт халифа екендігі меңзеледі.
Халифалық төрт жолмен болады:
1. Мұсылмандарға пікірі және насихаты өтімді, ғалымдар келісімі, бастықтар менен әскери қолбасшылардың бәйъатымен болады. Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы осындай жолмен болған.
2. Халифаныңадамдарға өсиет етіп, өз орнына болатын адамды ұсынуы.Хазрет Омардың (р.а.)халифалығы осы жолмен болған.
3. Халифа сайлау үшін мәжіліс жиынын өткізу. Хазрет Оспан (р.а.) мен Әли (р.а.)халифалығы осындай жолмен болған.
4. Халифалық шарттары мен талаптарына ие адамның адамдарға бастық болып алуы. Пайғамбарымыздың (с.а.с) халифаларынан кейінгі халифалар осы жолмен билікке келген («Хужжатуллаһи Балиға» 2-738).
Халифалықтың үшінші жолында сайлау негізінде Оспан (р.а.) мен Әлиді (р.а.) халифа болу жайында «Омар (р.а.) таң намазында жараланған соң жамағат төңірегіне жиналып: «Ей, мүміндердің әмірі, өсиет айтыңыз. Орныңызға халифа белгілеңіз», – деді. Ол: «Бұл іске ана кісілер лайықты»,-депПайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) риза болып кеткен сахабаларға ишара жасап,Әли, Оспан, Зубайр, Саъд және Абдуррахман ибн Ауфтың аттарын атады.
Омар (р.а.) өмірден өтіп, жерленген соң, жоғарыда аталған сахабалар жиналып, орындарды үш адамға тапсыруды сұрайды. Сонда Зубайр«мен орнымды Әлиге тапсырдым», – десе, Талһа «мен орнымды Оспанға тапсырдым», – дейді. Ал, Саъд өз орнын Абдуррахман ибн Ауфқа тапсырады. Абдуррахман болса Оспан менӘлиге«екеуіңіздің біреуіңіз бас тартсаңыз, таңдау еркін өзіне тапсырамыз немесе кім лайықты екендігін өзіне қарасын», – дейді. Сонда олардың екеуі де үнсіз қалады. Сонда Абдуррахман «таңдау еркін маған тапсырасыздарма? Аллаға ант етемін, мен артықшылықтарыңызды таңдауда кемшілікке жол бермеймін», – дейді. Екеуіде: «Ия», -деп жауап береді. Бұдан кейін Абдурахман бірінің қолынан ұстап: «Сенің Пайғамбарымызбен туыстығың бар. БұрыннанИсламда екеніңді өзің білесің. Егер сені басшы етсем, әлбетте әділетті басқарасың.Егер Оспан басшы болса, оны тыңдайсың және оған итағат етесің»,-деді. Кейін екіншісіне де оңашаланып дәл солай айтты.Екі жақты келісімді алған соң: «Ей, Оспан, қолыңды көтер», – депоған бәйъат қылды. Бұдан кейін оған Әли бәйъат қылды. Соңынан ауладағы тұрғандар, мухажирлер, ансарилер, әскери қолбасшылар мен қарапайым мұсылмандар кіріп, барлығы да бәйъат қылады.
Төртінші халифа болған Әлидің (р.а.)фазилаттарының бірі: имам Бухари және имам Муслим өз «Сахих»-тарында Саъд ибн Әбу Уаққастан(р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әлиге: «Сен мен үшін тура Мұса мен Һарундайсың, бірақ мене кейін нәби жоқ»,-дегендерін білдірген.
Халифалардың басқаруындағы уақыт мерзімдері әртүрлі уақыттарды қамтыды. Мысалы:
1. Әбу Бәкір (р.а.)-дің халифалық мерзімі екі жыл,үш ай.
2. Омар (р.а.)-дың халифалық мерзімі он жарым жыл.
3. Оспан (р.а.)-ның халифалық мерзімі он екі жыл.
4. Әли (р.а.)-дің халифалық мерзімі төрт жыл, тоғыз ай.
Хасан (р.а.)-ның халифалық мерзімі алты ай.
Ал-Ирбаз ибн Сариядан(р а): «Пайғамбарымыз біздерге уағыз айтты, сонда көздерінен жас тамшылап, дауыстары дірілдеді. Бір сахаба: «Ей Алланың Расулы, бұл сөзіңіз қоштасу уағызына ұқсайды.Бізді не нәрсеге бұйырасыз?», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Сіздерге айтарым, құлақ салып тыңдауға және итағат етуге өсиет етемін. Себебі, сіздерден кімде-кім менен кейін өмір сүретін болса, көптеген алауыздықтарды көреді. Сіздерге менің сүндетімді және менен кейінгі әділ халифаларымның жолын ұстану қажет.Соған бекем болыңдар.Олар әділ халифа жәнеһидаят жолындағы имамдар, – дейді.
Шарҳ: яғни, төрт халифалар: Әбу Бәкір, Омар, ОспанжәнеӘли әділ халифалар және һидаят жолындағы имамдар деп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға ишара жасап және адамдарды оларға итағат етуге және сүннеттерін бекем ұстауға бұйырды.
Демек, шоқтығы биік болған сахабалар жолымен жүрсек қай-қайсымыздың да адаспайтындығымыз анық. Алла баршамызды тура жолда болуға нәсіп етсін, әмин.

Исмаил қажы Панов, Сайрам ауданының бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38