Хазіреті Әбу Бәкір Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бірнеше жас кіші. Әкесінің аты Осман болғанмен Әбу Кухафа деген атпен танымал еді. Анасының есімі – бүкіл жақсылықтардың анасы дейтін мағынаға саятын Үммул-Хайр, жұбайының есімі – Үмму Румман, одан бұрын Асма бинт Умейске үйленген еді. Әбу Бәкір үш қыз бен үш ұлдың әкесі болды.

Ислам дінінің Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейінгі ең ардақты тұлғасы – Әбу Бәкір (р.а.). Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы.

Хазіреті Әбу Бәкір әлемге Ислам шуағы төгілместен бұрын да сол қараңғылық дәуірдің өзінде жандүниесі нұрға толы еді. Ешқашан жансыз, қимылсыз, ақылсыз, өзге түгіл өзіне де пайдасы не зияны жоқ дәрменсіз, мешеу пұттарға бас иіп табынбаған. Ішімдік пен құмар сияқты жәһилия дәуірінің әдеттеріне мойын бұрмаған, туа біткен асыл рухты болатын.

Ол Меккеде бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Құрайыштың түп шежіресі мен тарихын жетік білетін. Дау-дамайлардың әділ шешілуі үшін соның төрелігіне жүгінілетін. Әбу Бәкір Сыддық саудамен айналысатын, сауда-саттықта еш қулық жасамайтын. Айтқан сөзіне берік, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елді-мекендерді көрген, ішкі мәдениеті  жоғары, қырағы қырандай байқағыш ол өз дәуірінің адамдық құндылықтардан жұрдай болып рухани тығырыққа тірелгенін айқын сезе білді.

Адамзатты бұл қорқынышты қараңғылықтан жарыққа алып шығар бір құтқарушының келуін зарыға күтті. Әрине, ол тұста Әбу Бәкір сияқты зерде көзі ашық, көкірегі ояу хазіреті Ибраһимнен (а.с.) қалған Тәухид дініне сенген ханифтер де бұл нұрға ынтызар болатын.

Көңілі тыншымай сан-саққа кетіп ізденіс үстінде жүрген Әбу Бәкірдің мұсылман болуына мына жағдайлар себепші болды:

  1. Сол дәуірдің атақты шайыры Қус ибн Сайда үнемі Указ алаңында хұтба жасап, Хақ Пайғамбардың келуінің жақын екендігін ескертетін.
  2. Сирия сапарында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) поп Бахирамен кездесуіне куәлік етуі, Йемендегі поп Настураның жақында бір Пайғамбардың келетінін хабарлауы, өзінің көрген түсі: түсінде Меккеге толықсыған айдың шуағын төгіп, сәулесінің үйіне енгенін көріп, Тәурат пен Інжілді жақсы білетін дін адамдарына жорытады. Олар соңғы Пайғамбардың (с.а.у.) Меккеден шығатынын және Әбу Бәкірдің Соған еретінін айтады.
  3. Адамзаттың асылымен (с.а.у.) бала кезден дос болып, Оны жақсы тануының да айрықша маңызы бар.

Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса да, кейбір яһудилер мен христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:

«Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?»- деп бұлқан-талқан боп, алатайдай бүлінеді. Олар, әсіресе, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өздері «тәңір» деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды.

Йеменде жүрген Әбу Бәкір бұл соңғы жаңалықтан мүлдем бейхабар қалды. Меккеге оралған кезде, Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары оны ортаға алады. Олар Әбу Бәкір Мұхаммедтің (с.а.у.) ең жақын досы екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір болмағанда, олар Пайғамбарымыздың әрекетіне (с.а.у.) әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір оларға:

– Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма?- деді.

– Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда,-деп тегіс жамырасты.

– Бұны өзі айтты ма?

– Иә, өзі айтуда және біздің табынатын пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.

– Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!

Әбу Бәкір бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың үйіне бет алды. Өйткені, жақын досы Мұхаммедтің (с.а.у.) жалған сөйлемейтінін ол жақсы білетін. Осы қасиеті үшін де Оған дүйім жұрт: «Мухаммадүл-әмин», яғни «сенімді Мұхаммед» деген жоқ па еді?!

Әбу Бәкірдің жүрегі қуаныштан аттай тулап, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасынан бір-ақ табылады. Пайғамбарымыз оны нұр тұнған көздерімен күлім қағып қарсы алады. Өйткені, Ол (с.а.у.) Әбу Бәкірдің өзін қолдайтындығына толық сенетін.

– Уа, Әбу Қасым, пайғамбарлығыңды жария еткенің рас па?- дейді оған Әбу Бәкір келген бойда сұрақты төтесінен қойып.

– Иә, Әбу Бәкір. Мен – саған және күллі адамзатқа Әлемдердің Раббысының жіберген Елшісімін. Халықты бір Аллаға ғана иман етуге, пұттарға табынудан бас тартуға шақырамын.

Әбу Бәкір бұл шақыруға еш кідірместен:

– Мен куәлік етемін, ей, Мұхаммед, сен Алланың Елшісісің!- деп алғаш иман еткендердің қатарына қосылу бақытына ие болды.

Әбу Бәкірдей бір қауым елге сөзі өтімді беделді кісінің мұсылманшылықты қабылдауы, хазіреті Айша (р.а.) анамыздың айтуынша, Пайғамбарымызды (с.а.у.) ең қатты қуантқан оқиғалардың бірі болды.

Бұл жайлы Пайғамбарымыз бір хадисінде:

– Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқасының көкірегінде бір таңырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды айтып жеткізгенімде, көңіліне күдік алмастан, кідірместен иман келтірді, – деп оның осы жақсы қасиетін айтқан.

Көптен бері нұрды аңсап, асыға күткен Әбу Бәкір онсыз да кемеріне келген көңілі мен жүрек сарайын Исламға айқара ашып, илаһи мейірімнің шуағына бөленіп, өзін басы бүтін осы ақиқат жолына арнап, үнемі Расулуллаһтың (с.а.у.) қасынан табылып, көктен түсіп жатқан илаһи уаһиларды жүрегіне нақыштап, адамдарға жеткізуде сөзі өтімді жаршыға айналды. Бүкіл адамдардың бұл бақыт нұрынан мақрұм қалмауы  үшін жүрек жалыны оттай лаулап, бір орнында байыз таппады.

Хазіреті Әбу Бәкір шынайылығымен қоса атымтайдай жомарт, көңілі жайсаң жан болатын. Мұсылман болған кезде оның қырық мың дирхамы бар еді. Мұның барлығын да Ислам жолында жұмсау үшін Пайғамбарымызға (с.а.у.) әкеліп табыс етті. Ол бір жағынан, ақылы мен шешендік қабілетіне сүйеніп, Исламды үнемі уағыздаумен болса, екінші жағынан, кедей мұсылмандарға үнемі материалдық көмек көрсетіп отырды. Өміріне қауіп төніп тұрса да, жан-тәнімен қабылдаған ақиқат дінін уағыздауға құлшына кірісті. Меккенің көптеген бетке ұстар азаматтарының Исламды қабылдауына себепкер болды. Олардың арасында көздері тіріcінде Жәннатпен сүйіншіленген он кісінің алтауы: Хазіреті Осман, Талха ибн Ұбайдұллаһ, Сағд ибн Әби Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жәррах, Зүбәйр ибн Әууәм, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) бар еді. Бұлармен қатар Осман ибн Маз‘ұн, Әбу Сәламә және Әркам ибн Әбу Әркам (р.а.) Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған еді. Оның себепкерлігімен мұсылман болғандардың саны 38-ге жетті.

Оның күш-жігері мен қайратының арқасында Исламның шапағат нұрына бөленгендердің қатары күн санап өсіп жатты. Алайда мүшріктер де қол қусырып қарап қалмады. Исламды енді ғана қабылдап жатқан адамдарды жаңа сенімнен бас тартқызу үшін қолдарынан келген жамандығын барынша істеп бақты. Сөзбен түйреулерін тоқтатып, күш қолдана бастады. Мұсылмандарды кезіктірген жерлерінде соққыға жығып, зәбір көрсетті.

Алғашқы кезде мұсылмандар құлшылықтарын еркін орындау үшін хазіреті Әркамның үйіне құпия жиналатын. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы еді. Күндердің бірінде осы үйге жиналған сахабалар Алланың бірлігін мүшріктерге ашық түрде жария ету үшін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) рұқсат сұрайды. Араларында Әбу Бәкір де бар. Алайда Пайғамбарымыз оның уақыты әлі келмегендігін, ол үшін мұсылмандардың әлі аз екендігін айтып алғашында рұқсат бермеген-ді, бірақ Әбу Бәкірдің табандылық танытуынан кейін олардың айтқандарына көнеді. Барлығы жұптарын жазбай Қағбаға барады. Әбу Бәкір мүшріктерге қарап:

– Хақ һәм жалғыз Аллаға мадақ! Мәңгі бақыт – Аллаға иман ету. Оны мойындамай пұтқа табыну – өте жаман ғадет. Мағынасы жоқ жәһилия әдеттерін тастап, Алла Елшісінің шақыруына мойынсұныңыздар,- деді.

Мүшріктер алғашында толқыса да, тез арада естерін жинап, мұсылмандарға қарсы майдан ашты. Әбу Бәкірді жерге жатқызып алып, қолдарына түскен нәрсемен ұрып-соға бастады. Қаныпезер мүшрік Ұтба ибн Рәбиә табанында шегесі бар аяқ киімімен тепкілеп, оның нәзік бетін қан жоса қылды. Сол арада Әбу Бәкірдің туыстары көмекке келіп, оны өлім аузынын әзер алып қалды.

Өлімші халден есін жиған Әбу Бәкірдің ең алғашқы сұрағы: «Расулаллаһтан хабар бар ма?»,- болды. Есінің кіресілі-шығасылы жатқанын елемей, Пайғамбарымызды (с.а.у.) уайымдап, «Оған не болды?»,- деп сұрай берді. Анасының: «Балам, бір нәрсе ішіп-жейсің бе?»,- деген сұрағына: «Алланың Елшісі қайда? Оның жағдайы нешік?»,- деп көңілі жай таппады. Анасы Одан хабары жоқтығын айтқан кезде ол: «Анашым, Хаттабқызы Үмму Жамилге барып, Расулаллаһтың жағдайының қандай екенін сұратыңызшы»,- деді. Расулаллаһтың жағдайының жақсы екендігін айтып келген хабарға да көңілі толмай, Оның (с.а.у.) жағдайын өз көзімен көргісі келіп тағаты таусылды. Айнала біраз тынышталғаннан кейін қасындағылар Әбу Бәкірді қолтықтап, Әркамның үйіне алып барады. Пайғамбарымызды (с.а.у.) өз көзімен көрген кезде: «Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ!»,- деп ебіл-дебілі шығады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны құшақтады. Оның бұл халі Пайғамбарымызға (с.а.у.) әсер етіп, көздерінен мөлдір жас моншақтай төгілді.

Адамзаттың Ардақтысы (с.а.у.) бір түні Жәбрейілмен бірге Меккеден Ақса мешітіне, ол жерден Алланың құдіретімен басқа ұлы әлемдерге көтеріліп миғражға шықты және сол түні қайта оралды. Ертеңінде бұл мұғжизаны айтып мүшріктерге хабар берді. Мүшріктер бұған сенбеді. Ол ол ма, кейбір мұсылмандардың өзіне де бұл мұғжизаны мойындау ауыр соқты. Олар Әбу Бәкірден:

– Ең жақын досыңның не айтқанын білесің бе? Бұл түні ол Ақса мешітіне барып сол жерде намаз оқығанын, ол жерде бұрынғы пайғамбарлармен жүздесіп көкке көтерілгенін және сол түні қайта оралғандығын айтуда,-деді.

Әбу Бәкір бір нәрсені айқындап алғысы келіп:

– Сіздер мұны оның өз аузынан естідіңіздер ме?- деді.

– Иә, өз аузынан естідік.

Хазіреті Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың көкке көтерілгеніне шүбәсіз иланып:

– Ол айтса, бұл – шындық. Мен Оған және Алла Тағаладан әкелген барлық нәрсеге кәміл сенемін,- деді.

Кейін бұл миғраж мұғжизасын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз аузынан естіп білгенде Әбу Бәкір:

– Сенің тура сөйлегеніңе ант етемін. Сен Алланың Хақ Елшісісің. Мен бұған тағы да куәлік етемін,- деді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған ілтипат білдіріп:

– Ей, Әбу Бәкір, сен онсыз да сыддықсың (турашыл, шынайы),- деді.

Содан бері бұл сипат қияметке дейін құрметті атау ретінде үнемі Әбу Бәкірдің атымен  қатар (Әбу Бәкір Сыддық) атала бастады.

Күн озған сайын Меккеде мұсылмандардың қатары көбейіп жатты. Мүшріктердің оларға жапа көрсетулері де күннен-күнге арта түсті. Өмірлері мен діндерін сақтап қалу үшін мұсылмандардың ішінен бір топ Эфиопияға һижретке Пайғамбарымыздан (с.а.у.) рұқсат алды. Қалғандары илаһи әмір келгеннен кейін Мәдинаға һижрет етті. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) һижрет етуіне әлі рұқсат келмеген-ді. Қасынан бір елі айрылмаған шынайы дос Әбу Бәкір өзі жайлы сұраған кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Уа, Әбу Бәкір, асықпа. Бәлкім Алла саған да бір һижрет серігін нәсіп етер»,- деді. Әбу Бәкір һижретте Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге болатынын түсінді. Өйткені Меккеде Әли, Әбу Бәкір және Пайғамбарымыздан (с.а.у.) басқа ешкім қалмаған еді.

Алайда мүшріктер мұсылмандардың һижрет еткендерін де көре алмады. Олар Пайғамбарымызды (с.а.у.) уыстан шығарып алғысы келмей, бірден жиналып, Алла Елшісін (с.а.у.) өлтіруді ұйғарды.

Бірақ, Алла Сүйіктісіне (с.а.у.) Жәбрейіл арқылы хабар беріп, сол түні һижрет етуіне әмір берді. Сол түні һижреттегі жан серігі Әбу Бәкір болды. Ол Пайғамбарлар падишасымен (с.а.у.) бірге һижрет ететінін естігенде, қуаныштан көз жасын төкті. Өліммен ұласуы мүмкін қатерлі сапарға шығатынын естігенде, қуаныштан көз жасын төгу не деген жанкештілік десеңізші! Шыбын жанының кеудесінен ұшып кетуінен үрейленетін қорқақ адамдардың мұны түсінуі, әрине, оңай емес.

Ардақты Елші (с.а.у.)  сол түні өзінің төсегінде Әлиді қалдырып, Әбу Бәкір екеуі ел көзінен жасырынып жолға шықты. Олар Сәур тауына қарай бет алды. Әбу Бәкірдің көңілі толқып Адамзаттың Ардақтысына (с.а.у.) зиян келмесін деп қобалжыды. Мүшріктердің оларды байқап іздеріне түсуі мүмкін еді. Ол өзін мүлдем ұмытып, тек қана Пайғамбарымызды (с.а.у.) ойлаумен болды. Ардақты Елшінің алдын орағытып,  артынан түсіп, оңына бір, солына бір шығып, кенеттен келуі мүмкін қатерге қарсы қорған болуға тырысты.

Олар түннің бір уақытында Сәур тауындағы ішіне адам кірмеген үңгірге келіп жетті. Оның іші құрт-құмырсқа, жылан мен шаянға толы еді. Үңгірге бірінші Әбу Бәкір кіріп, айналаны тексеріп, киімінің құрақтарымен тесіктерді бітеп шықты. Құрақ жетпегендіктен бір тесікті аяғымен бітеді. Алланың Елшісі келіп оның қасына отырды. Ардақты Елші (с.а.у.) көз шырымын алмақшы болып, оның тізесіне басын қойып, мызғып кетті. Қас қылғандай Әбу Бәкірдің тесікті бітеген аяғы жанын көзіне көрсетіп удай ашиды. Ауру жанына батса да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұйқысын бұзып алудан қорқып, орнынан тырп етпеді. Бірақ, дызылдаған аяғы шыдатпай, еріксіз көзінен жас ыршып кетті. Нұрлы жүзіне тамған ыстық көз жасынан оянып кеткен Алланың Ардақты Елшісі (с.а.у.):

– Саған не болды, ей, Әбу Бәкір?- деді.

– Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ! Аяғымды бір нәрсе шақты,- деді даусы қынжыла шығып.

Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүбәрәк түкірігін шағылған жерге жаққан кезде Хазіреті Әбу Бәкірдің аяғының ашыған жері бірден тоқтады. Досының бұл жанкешті әрекетіне тебіренген Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Ей, Аллаһым, қиямет күнінде Әбу Бәкірдің дәрежесін менімен бірдей қыл!- деді.

Алла Тағала осы үңгірде жасырынған екі мүбәрәк тұлғаны жаудың қолынан құтқару үшін өрмекші мен көгершінді пайдаланды. Алланың әмірімен өрмекші үңгірдің аузына тор тоқып, көгершін ұя жасады.

Мүшріктер Пайғамбарымыздың орнын сипап қалды. Оны (с.а.у.)  табу үшін ең мықты ізкесушілерді жалдап жолға шықты. Ізкесушілердің бастап жүруімен олар Пайғамбарымыздың тығылған үңгірінің аузына дейін келді. Үңгірдің аузындағы өрмекшінің ауы мен көгершіннің ұясын көріп алданған мүшріктер ол жерге адам кіруінің мүмкін еместігін ойлап кері қайтты. Міне, құдіреті күшті Алла дүниеде ең әлсіз өрмекшінің торы мен көгершіннің ұясы арқылы Елшісін осылайша қорғап қалды.

Сол кезде Әбу Бәкір Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Аллаға ант етейін, өзім үшін қорықпаймын. Бірақ, көңілім қаламаған нәрсені сенің басыңа келе ме деп қорқып, сол үшін қапаланамын»,- дейді. Сенімділік Пайғамбары (с.а.у.) болса оған: «Үшіншісі Алла болған екі кісі үшін неге мұншалықты абыржисың. Уайымдама, Алла бізбен бірге»,- деп, Өзі үшін уайымдаған досының көңілін жұбатты.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) шынайылық пен жанкештіліктің өшпес үлгісі Әбу Бәкірмен бірге дұшпандарының қолына түспеу үшін үш күн осы үңгірді паналады.

Үш күн өткеннен кейін олар үңгірден шығып, Мәдинаға қарай бет алды. Мәдинаға һижрет Ислам тарихында жаңа дәуірдің басталуына арқау болды. Қатерлі де қиын жолаушылықтан кейін олар Мәдинаға келіп жетті. Олардан бұрын Мәдинаға һижрет еткен мұсылмандар мен жергілікті халық көшеге сыймай қадірлі қонақтарын құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды.

Шынайылық – жақсы көргеніне ұқсау, барын да, жоғын да соның жолына атау, өз болмысын сүйгенінің болмысында жоқ ету. Міне, хазіреті Әбу Бәкірді жоғары мәртебеге жеткізген осы қасиет. Оған шынайы, турашыл мағнасында «сыддық» дегізген сипаты Пайғамбарлар Падишасына (с.а.у.) деген шынайылығы мен берілгендігінен келді. Ол Алла Елшісінің айтқандарына еш қалтқысыз сенетін. Өйткені оның досы – достың да, дұшпанның да бірауыздан «Мухаммадүл-Әмин» (сенімді Мұхаммед) деп қабылдаған асыл жан еді.

Әбу Бәкір Сыддықтың Ардақты Елшіге (с.а.у.) қылаусыз сенімі мен парасаттылығын Худайбия келісімі кезіндегі әрекетінен аңғаруға болады. Алла Елшісінің (с.а.у.) мүшріктердің ұсынған қиын шарттарын қабыл етіп, бейбіт келісімге баруын сахабалардың көпшілігі алғашында түсіне алмай қарсы шықты. Омар сияқты ақылды сахабаның өзі бұл келісімнің астарындағы сырды ұғына алмай әбігерге түссе, Әбу Бәкір өзіне келген адамдардың бәрін «Алла Елшісі бұлай жасаған болса, демек білген бір ақиқаты бар» деп сабырға шақырды.

Худайбия келісімі мен Меккенің алынуына дейінгі екі жылдық қысқа уақыт аралығында мұсылман болғандардың саны Алла Елшісіне (с.а.у.) пайғамбарлық келген кезден бастап, өткен жиырма жылда иман келтіргендерден ондаған есе артық. Демек, бұл бейбіт келісім – жеңіліс емес, Исламның ұлы жеңісі.

Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда сахабалар жағдайын сұрап, жиі-жиі үйіне барып тұратын. Араларында Әбу Бәкір де болған сондай зияраттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға:

– Алла дүние мен ақыретті таңдау мәселесін құлының еркіне берді. Алайда құл ақыретті таңдады,- деді.

Бұл сөздің астарындағы жасырын мағынаны алғашында ешкім түсіне қоймады. Жалғыз Әбу Бәкір Пайғамбарымыз (с.а.у.) ишарат сөзбен өзінің өлімін меңзегенін түсініп, көз жасын төгіп былай деді:

– Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз, дүниеміз бен жанымыз сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның бұл парасаты мен сезімталдығына толқып:

– Әбу Бәкір, көңілің босамасын. Егер Алладан басқа бір дос таңдар болсам, тек сені таңдар едім. Алайда арамызда Ислам бауырластығы мен сүйіспеншілігі бар (бұл бәрінен де қымбат),- дегеннен кейін, – Әбу Бәкір үшін ашылған есіктен өзге мешіттегі барлық есіктер жабылсын,- деді.

Бұл оқиғадан бірнеше күн өткен соң Пайғамбарымыздың (с.а.у.) денсаулығы жамағатқа намаз оқыта алмастай дәрежеде нашарлап кетті. Пайғамбарымыздан намазды кімнің оқытатыны сұралғанда Ол (с.а.у.):

– Әбу Бәкірге айтыңыздар, намазда имам болсын!- деді. Пайғамбарымыздың Әбу Бәкірге жамағатқа намаз оқытуды тапсыруы мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздан кейін халифа болатынына ишарат еді.

Бұдан кейін ол мұсылмандарға имам болып, он жеті рет намаз оқытты. Тіпті бір таң намазында Пайғамбарымызға (с.а.у.) имамдық ету бақытына да ие болды.

Пайғамбарымыз Жаратушысына жанын тәсілім еткен кезде, Әбу Бәкір басқа жерде болатын. Халық қара жамылып, аза тұтып жатты. Әбу Бәкір хабар жете салысымен, ешкімге тіл қатпастан құстай ұшып, бірден Расулуллаһтың бөлмесіне кірді. Бетіндегі жабылған матаны көтеріп, Оның (с.а.у.) маңдайынан сүйді. Содан кейін нар тәуекелге бел буып, тағдырдың жазғанына мойынсұнып былай деді:

– Біз бәріміз Алланың құлдарымыз және Оған ораламыз. Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын. Сен тірі кезде әдемі едің, жаның кеудеңнен ұшып кетсе де, ажарың атқан таңдай арайланып қала беріпті. Алла Тағала Саған өлім ауыртпалығынан басқа бір қайғы бермейді. Бұл белесті де артқа тастадың.

Мұнафықтар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз жұмған сәтін қапы жібермей, аярлыққа басып, тағы бір лаң шығарып, бүлік бастады:

– Мұхаммед егер пайғамбар болса, өлмес еді,- деп мұнафықтар мұсылмандардың жан күйзелісін пайдаланып, рухтарын түсіруге тырысып бақты.

Айтылған бұл ауыр сөздерге одан әрі төзе алмаған асыл ер хазіреті Омар қылышын қынынан суырып:

– Расулаллаһ өлген жоқ. Кімде-кім оны өлді десе, мына қылышыммен басын кеудесінен ұшырамын,- деді.

Осы кезде Әбу Бәкір салқынқандылық танытып, сахабалардың Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктерінен туындаған рухтары мен көңілдеріндегі терең тебіреністі басқа оқиғалар арқауына желі боларын ойлап, бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ол:

–  Кімде-кім Мұхамедке құлшылық еткен болса, біліп қойсын, Ол өлді. Кім Аллаға құлшылық еткен болса, Ол Бақи (Өлімсіз) және өлмейді. Алла Тағала Құранда: «Мұхаммед тек пайғамбар ғана. Одан бұрын да қаншама пайғамбар келген. Егер ол өлтірілсе немесе өлсе, сіздер қайтып ескі күйлеріңізге қайта ораласыздар ма? Кімде-кім кері оралар болса, Аллаға зиян келтіре алмайды. Алла шүкір еткендерге оның сауабын береді (Әли-Имран, 144) деген аятты оқыды да:

– Алланың діні өмір сүре береді. Алла дінін кемеліне жеткізеді. Алла өзінің дініне жәрдем етіп, оның туын жоғары желбіретер адамның көмекшісі болады. Қолыңызда Алланың кітабы бар. Ол – нұр және шипа. Алланың адал қылған да, харам қылған да нәрселері сонда мәлім етілген,- деп, жиналған жұртқа басу айтып, Расулаллаһтың бұл дүниеден өтуімен оның қызметінің тоқтап қалмайтындығын білдірді. Жұртшылық абдырап қалған сын сағатта Әбу Бәкір салқынқандылығымен, парасатымен адамдардың мұңды көңілдеріне дем беріп, қайғыға бел алдырмауы үшін қам жасады.

Әбу Бәкір беделді сахабалардың келісімімен бірауыздан халифа болып тағайындалды. Өйткені сахабалардың барлығы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көңіліндегі адам Әбу Бәкір екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір халифа болып тағайындалған күннің ертесінде мешіттегі мінберге шығып, халыққа былай деді:

– Уа, халайық! Міндетімді өз деңгейінде дұрыс орындасын десеңіздер маған қалтқысыз бағынып, жәрдем етіңіздер. Егер жаман жолға бет алсам, тура жолға түсіріңіздер. Туралық – бір аманат, жалған – бір қиянат. Иншаллаһ, араңыздағы ең әлсізі менің қасымда ақысын алғанша – ең күштіңіз, араңыздағы ең күштіңіз де – мойнында біреудің ақысы бар кезде оны иесіне алып бергенге дейін ең әлсізі болады. Мен Алла пен Оның Расулының жолынан ауытқымасам, сіздер де маған бағыныңыздар. Алла пен Оның Елшісінің әмірлеріне қарсы келсем, маған бағынбасаңыздар да болады. Өзім және сіздер үшін Алладан кешірім тілеймін.

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) халифа болған соң Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген ыстық ықыласын суытпай, мойнына жүктелген қызметті атқаруға кірісіп кетті.

Хазіреті Әбу Бәкір біреуге жауапкершілігі мол істі жүктеген кезде, сол адамның қабілетіне қарап лайықтыларын қапысыз таңдап тағайындай алатын кемеңгер басшы еді. Мысалы, оның қаржы істеріне Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Үмбеттің сенімдісі» деп атаған Әбу Ұбайда ибн Жаррахты, құқық істеріне әділеттің үлгісі – Омар Фаруқты, жазу және тіркеу істеріне уахиді жазып алушылардан Зәйд ибн Сәбитті тағайындауы бұған айғақ бола алады.

Әбу Бәкірдің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен әділдігі халифа болып тағайындалғаннан кейін де бір мысқал өзгермеді. Ол өз күнін өзі көріп, отбасының нәпақасын өз маңдай терімен табудың жолдарын ойлап, соған ұмтылды, мемлекет қазынасынан ақша алу үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ол  саудамен айналысқысы келді. Сондай күндердің бірінде базарға беттеген оның алдынан хазіреті Омар шығып, оған халифа болғандығы үшін «байтул-малдан» (мемлекет бюджетінен) айлық тағайындалуын ұсынды. Хазіреті Әбу Бәкір: «Алған бұл айлығымды кері өтей алмаймын ба деп қорқамын»,- деген еді. Бірақ Омар оған уақытының тек мемлекет істеріне ғана жетерін, сауда жасауға уақыт қалмайтынын айтып, ақырында қазынадан күн көруіне жетерлік айлық алуға көндірді. Бірақ ол қайтыс боларда алған айлығының өзінің мирасынан есептелініп, өзінен кейін келетін халифаға берілуін өсиет етіп жазып кеткен.

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған кезіндегі жасаған қызметтеріне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болмастан бұрын Ямама, Йемен және басқа да жерлерде жалған пайғамбарлар шыға бастаған еді. Олар тайпаларын өздерінің ырқына бағындырғысы келіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз жұмуын пайдаланып, әрекетке көшті. Әбу Бәкір (р.а.) оларға әскер жіберіп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан бүлікті басып тастады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін  кейбір араб тайпалары діннен шыға бастады. Яһудилер мен христиандар да қарап жатпады. Бұл мұсылмандардың жағдайын қиындатты. Әбу Һурәйраның айтқанындай, «егер Әбу Бәкір болмағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүние салуынан кейін мұсылмандар күйреуге ұшырар еді». Бұл жайлы кезінде қаталдығымен танылған Омар ибн Хаттаб:

«Діннен шығушыларға қарсы жасалған соғыста Әбу Бәкірдің менен де қатал және өте ынталы екенін көрдім. Ол халифа болып тұрған кезінде халықты Ислам әдептеріне керемет баулығаны соншалық, мен билікті қолыма алған кезімде оларды басқаруда еш қиындық көрмедім»,- деп болмысынан жұмсақ мінезді Әбу Бәкірдің ақиқатты қорғауға келгенде босаңдық танытпай, үлкен жаупкершілікпен қарағандығын атап көрсеткен. Әбу Бәкір Алланың көмегі мен өзінің басшылық қабілетінің арқасында мұсылмандарды бұл қорқынышты апаттан құтқарып, Ислам бірлігін сақтап қалды.

Оның Ислам үшін атқарған ең маңызды ісінің бірі – Құранды жинатуы. Ямама соғысында көптеген хафыздардың шейіт болуы, сонымен бірге әр түрлі материалдарға жазылған Құран аяттарының жоғалып кету қаупін туғызды. Хазіреті Омардың жасаған ұсынысына Әбу Бәкір алғашында: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірі кезінде жасамағанын мен қалай жасаймын?» деп тартыншақтаса да, бұл істің маңыздылығын сезінгеннен кейін Құранды жинастыруды бұйырды.

Құранның жинастырылуы үшін арнайы алқа құрылып, жетекшілігіне Құранды ең жақсы оқып-білетін жас Зәйд ибн Сәбит тағайындалды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз алдында жазылғандығына екі куәгердің куәлік етуі шартымен Құран аяттары жинастырылды. Бір жылдың ішінде бөлек-бөлек болған Құран парақтары бір жерге жиналды. Әбу Бәкірдің әмірі бойынша Құран ең жақсы білетін сахабалардан құрылған арнайы алқаның алдында оқылып, бірауыздан қабылданды.

Халифа Әбу Бәкір жинастырылған бұл Құранды өмірінің соңына дейін өзінің жанында сақтады. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл нұсқа Омар ибн Хаттабқа, одан кейін Омардың қызы әрі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларынан Хафса (р.а.) анамызға берілді.

Хазіреті Әбу Бәкір Құранды мақамдап өте әдемі оқитын. Ол Құран оқыған кезде өзі де егіліп, өзгені де толқытатын. Исламның алғашқы жылдарында Меккедегі мүшріктердің әйелдері, балалары және құлдарының өзі де оның Құран оқығанын тыңдау үшін айналасына жиналып қалатын. Бірақ мүшріктер бала-шағамызды дінімізден бездіреді деп қорқып, бұған кедергі жасаумен болатын.

Ол Құранды түсіну және сүннетті білу жағынан да сахабалардың арасындағы ең білгірі. Өйткені, үнемі Расулаллаһпен бірге жүріп, бойындағы бар қабілетін Исламды, Құранды үйренуге бағыттаған еді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.) тірі кезінің өзінде оған пәтуа беруге рұқсат еткен-ді. Хазіреті Әбу Бәкір қай аяттың не үшін және қалай түскендігін өте жақсы білетін.

Ол жомарттығы жағынан да алдына жан салмайтын. Жомарттығы соншалық, тіпті бүкіл дәулетін Алла жолында жұмсауға дейін баратын.

Алла Елшісі (с.а.у.) хазіреті Әбу Бәкірдің Ислам діні үшін жасаған жақсылықтарын, шынайылығы мен жанқиярлығын әрдайым мақтап, оны басқаларға үлгі-өнеге ететін. Пайғамбарымыздың ішкі жан дүниесін ең жақсы түсінетін де Әбу Бәкір (р.а.) еді. Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі мен Ислам дінінің кең жайылуында бүкіл сахабаның ішінде оның орны ерекше болатын. Ол жақсылық пен жомарттық шыңына шықты.

Хазіреті Әбу Бәкір халифа болған кезінде өзіне берілген «халифатуллаһ» (Алланың халифасы) деген атақты қолданбай «халифату Расулиллаһ» (Расулаллаһтың халифасы) атауын қолданған. Жәһилия дәуірінің өзінде тайпалар арасындағы дау-дамайды шебер шеше білетін беделді, мәдениеті жоғары Әбу Бәкір шежіре ілімін жақсы біліп, сол дәуірдің бүкіл жаман қасиеттерінен бойын аулақ ұстады. Аса көркем мінездерін Исламды қабылдағаннан кейін кемелдендіре түсті. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүкіл істерінде өзімен кеңесіп отыратындығы үшін оны «Пайғамбар уәзірі» деп те мақтаған.

Хазіреті Әлиден Әбу Бәкір (р.а.) жайлы сұрағанда:

– Ол бәрімізден озды. Аллаға ант етемін, біз қандай да бір іске ұмтылсақ, Әбу Бәкір бәріміздің алдымызда жүретін,- деген екен.

Міне, Алла Елшісінің (с.а.у.) құрметіне ие болып, артында аңызға толы өмір қалдырған хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) хижраның он үшінші жылы, 22-ші Жәмадульахирде 63 жасында дүниеден озды. Екі жылдан аса уақыт халифа болған ол артында бір саумал түйе, бір қызметші және ішінде сүт сауылған бір ыдыс қана қалдырыпты. Ол қайтыс болмас бұрын халифалығы кезінде өзіне тағайындалған айлығының қажеттілігінен артылып қалған бөлігін хазіреті Омарға берілуін өсиет етіп кетті. Омарға бұл аманат табысталғанда ол:

– Алла Әбу Бәкірге рақымын жаудырсын. Ей, Әбу Бәкір! Өзіңнен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырдың-ау! – деп көз жасын төкті.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38