Парыз намаздары үшін мұстахаб уақыттың болғаны сияқты оның мәкруһ уақыттары да болады. Намаздың мәкруһ уақыттарының үшеуi Уқба бин Әмр әл-Жухани (р.ә) риуаят еткен хадисiнде айтылған: «Үш уақыт бар. Алланың елшісі (с.ғ.с) бiзге бұл уақыттарда намаз оқуға әрі мәйіттерімізді жерлеуге тыйым салды. Бұлар: күн шыққаннан бастап көтерiлгенге дейiнгi уақыт, күн дәл төбеге келген тұстан бастап түс ауғанға дейiн, күн батуға айналған уақыт».[1]

Бұдан басқа мәкруһ болып есептелетiн тағы да екi уақыт Әбу Сайд әл-Худри (р.ә) риуаят еткен мына хадисте айтылған. Ол «Мен Алланың елшісінің (с.ғ.с): «Таң намазынан кейiн күн шыққанға дейiн намаз жоқ. Екiнтi намазынан кейiн күн батқанға дейiн намаз жоқ»,[2]-деп айтқанын естідім»,- деген. Яғни, бұл екi уақытта да намаз оқуға тыйым салынған.

Бұл екi хадисте айтылған бес мәкруһ уақыт былайша түсiндiрiледi.

  • Күн шыққаннан бастап найза бойы көтерiлгенге дейiнгi уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан 40-45 минут өткенге дейiнгi уақыт аралығы. Осы 40-45 минут уақыт өткен соң намаз өтеудің мәкруһ уақыты аятқалып, духа намазының немесе айт намаздарының уақыты кiредi.
  • Күннiң дәл қақ төбеге келген тұсынан бесiн намазының уақытына дейiнгi аралық.
  • Күннiң сарғая бастауы, яғни күннiң сәулесi қараған кезде көздi шағылыстырмайтындай деңгейге келген кезден бастап батқанға дейiнгi аралық. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. «Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер (екінті) намазын мәкруһ түрде оқуға болады»,[3]– делінсе, кей кітапта «сол күннің екінті намазы мәкруһ емес, өтелуі дұрыс»,[4]-делінеді. Толығырақ төменіректе баяндайтын боламыз.
  • Екiншi таң шапағының ағаруынан күн шыққанға дейiнгi уақыт.
  • Екiнтi намазы оқылғаннан кейiн күн батқанға дейiнгi аралық.

Жоғарыда баяндалған алғашқы үш мәкруһ уақытта қаза болған парыз намазы да, үтiр намазы сияқты уәжiп намаз, яки жаназа намазы оқылмайды. Құрандағы сәжде аятына байланысты тилауат сәждесi де жасалмайды. Ал, егер оқылған жағдайда бұлардың қазасын өтеу керек.[5]

Кей кітапта: «Әзірленген жаназа намазын, сәжде тиләуат намазын, басталып қойған нәпіл намазын өтеуге болады. Бірақ мәкруһ болып есептеледі»,-деп берілген.[6]

Негізінде бұл үш уақытта нәпiл намаздар да оқылмайды. Бiрақ оқылған жағдайда мәкруһ болғанымен жарамды болып саналады. Яғни, қайта оқудың қажетi жоқ. Өйткенi бұл мәкруһ уақыттар нәпiл намаздардың дұрыс болуына бөгет болмайды. Дегенмен осы мәкруһ уақыттардың бiрiнде оқылған нәпiл намазды бұзып, мәкруһ уақыттан кейiн қазасын оқыған абзал.

Бұл уақытта намаз оқуға күнге табынатындарға ұқсамау үшiн тыйым салынған.[7]

Таң намазы уақытында және екiнтi намазынан кейiн нәпiл намаз оқуға тыйым салу уақытқа байланысты. Өйткенi бұл уақыттарда парыз намазын оқу нәпiл намазын оқудан әлдеқайда абзал. Бiрақ бұл екi уақытта парыз немесе уәжiп намаз оқу мәкруһ емес. Жаназа намазы және тилауат сәждесi де мәкруһ болмайды. Осы уақыттардың бiрiнде оқылған нәпiл намаз мәкруһ уақыт болғандықтан бұзылса, кейін мәкруһ болмаған уақытта сол нәпіл намазының қазасы оқылуы керек.

Күн сарғайып батып бара жатқанда тек сол күнгi екiнтi намазын оқуға болады. Бiрақ басқа бiр күнi қаза болған екiнтi намазын оқуға болмайды.

Айша анамыздан (р.әнһа) риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күн батпай тұрып екiнтi намазының бiр сәждесiне үлгерген немесе күн шықпастан бұрын таң намазының бiр сәждесiне үлгерген адам бұл намаздарға үлгерген болады»,[8]-деген. Бiрақ Ханафилер бұдан басқа бiр дәлелге сүйене отырып күннiң шығуы таң намазын бұзатынын айтады. Күннiң шығуына тура келген намаз бұзылады. Ал, екiнтi намазын оқып жатқан кезде күн батса, екінті намазы бұзылмайды. Бiрақ таң намазын оқып жатқанда күн шықса намаз бұзылады. Бірақ екiнтi намазын оқып жатқанда күннің батуымен намаздың бұзылмау себебi жаңа бiр намаздың уақыты кiредi. Ал, таң намазын оқып жатқанда намаздың бұзылу себебi намаз оқу уақыты бiтедi, бірақ екінші бiр намаздың уақыты кiрмейді. Бiр жағынан таң намазын белгiлi бiр уақытта оқу парыз болған. Сол себептен уақыттың шығуымен намаз бұзылады.

 Таң намазынан басқа бiр намаздың ифтитах тәкбiрiне сол намазға тиiстi уақыттың iшiнде үлгерсе, намаз толық оқылған болып табылады. Бұл намаздың кешiктiрiлуiне хайыздан (хайызден) тазару немесе аурудан емделу сияқты  үзірлі жағдайлар себеп болса да, ешқандай бір үзір себеп болмаса да үкiм өзгермейдi.

Шафиғилер мен Мәликилердің көзқарасы бойынша бiр намаздың бiрiншi рәкәғаты сәждесiмен қоса намаз уақытының iшiнде оқылса, намаз толық оқылған болып есептеледi. Ал, егер бiр рәкәғаттан азы оқылса, онда ол намаз қаза етіледі. [9]

Күн дәл қақ төбеге келген тұста оқылған парыз немесе уәжiп намазы бұзылады. Ал, егер нәпiл намазы болса мәкруһ болғанымен дұрысқа жатады, яғни нәпіл намазы болғандықтан ол бұзылмайды. Тек Әбу Юсуфтың риуаятына қарағанда жұма күнi күн дәл төбеге келген тұста нәпіл намазын оқуға болады.[10]

Сәжде аяты мәкруһ  уақыттардың бірінде оқылған жағдайда сол уақытта сәжде етуге болады. Бiрақ бұл тиләуат сәждесін мәкруһ уақытынан кейiн жасау абзалырақ. Сонымен қатар мәкруһ уақытқа тура келген жаназа намазын да оқуға болады. Тiптi жаназа намазын кейінге қалдырмаған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бiр хадисiнде: «Ей, Әли! Үш нәрсенi кешiктiрме! Олар: уақыты келген кезде намаз оқу, дайын тұрған мәйiттi көму, өз теңін тапқан кезде қыз баланы тұрмысқа беру»,[11]-деген. 

[1] Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Даут, Шамайз, 53; Тирмузи, Жәнәйз, 41; Мәуәқит,31, 34, Шамайз, 89; Ибн Маше, Жәнәйз, 30; Әд-Дарами, әс-Салат, 142; Ибн Ханбал, 5, 152.

[2] Әл-Бухари, Мәуақит, 38, Таухид, 47; Әбу Даут, әл-Илм, 13; Әт-Тирмизи, әл-Жума, 2.

[3] М. Исаұлы., Қ. Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. Алматы, -2003. 99-бет.

[4] Х. Алтай. Ғибадатул Ислам. Алматы,-1994. 40-бет.

[5] Х. Дөндүрен. Делиллери иле Ислам Илмихали, 207-бет.

[6] Х. Алтай. Ғибадатул Ислам. Алматы,-1994. 40-бет.

[7] М. Исаұлы., Қ. Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. Алматы, -2003. 99-бет.

[8] Әл-Бухари, Мәуақит, 17; Ән-Нәсәәй, Мәуақит, 11; Ибн Ханбал, 11, 474.

[9] Әш-Шәукани ІІІ, 151; Әш-Ширази, І, 54; Әз-Зуһәйли, І, 516.

[10] Х. Дөндүрен. Делиллери иле Ислам Илмихали, 208-бет.

[11] Әт-Тирмизи, әс-Салат кітабы,13, Жанайз, 73; Ибн Ханбәл, 1, 105.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38