Бақдәулет  қажы Абдурахманов, ҚМДБ-ның Шымкент қаласының бас имамы

         Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

         Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!

         Соңғы уақыттарда мешіт жамағаты арасында пікір-қайшылық тууына себепші болып жүрген мәселенің бірі – намаз арасында қайта-қайта қол көтеру. Ханафи мәзһабы бойынша, иқомат айтылған соң намаз басында бір рет ғана қол көтеріп,  тәкбір айтылады. Намазда ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ифтитах тәкбірін айтарда ер кісілер басбармақтары құлағының сырғалығына дейін келетін етіп қолдарын көтереді, бұл – сүннет [1]. Бұны орындаудың ең жақсы жолы – бармақты құлақ сырғалығына тигізу қажет [2]. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек.

         Әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» дейді. Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі, ол –  намазды бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанымен, қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты көптеген сахих хадистер бар.

         Осы орайда,  Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз арасында қол көтеру мәселелері жөнінде келген дәлел-дәйектерді назарларыңызға ұсынамыз. Имам Тахауи келтірген риуаятта әл-Муғира (р.а.) былай дейді: «Уайл ибн Хужрдің: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) қашан намаз бастаса, рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолын көтергенін көрдім», – деген хадисіне не айтасыз?», – дедім. Ол кісі: «Егер Уайл оны бір рет қана көрсе, Абдулла ибн Масғуд (р.а.) олай жасамағанын елу рет көрген», – деді».

          Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолын көтермегендігі жөніндегі риуаят келтірген әйгілі сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) алғаш иман келтірген сахабалардан және Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін Одан (с.ғ.с.) бір елі де ажырамаған. Ал иемендік Уайл ибн Хужр Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанында бір апта ғана болған. Абдулла ибн Масғуд: «Мен сендерге Алла Елшісінің намазды қалай оқығанын көрсетейін бе?» деп, намаз оқыды. Сонда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді» деген [3].

         Дәл осы мағынадағы хадисті Имам Насаи де келтірген. Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғтан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді.

         Ханафи мәзһабының әйгілі ғалымы Бурхан әд-Дин әл-Мәрғинәни «әл-Хидая» атты кітабында мынадай бір хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте: «Жеті жерден басқа жерде қол көтерілмейді. Олар: намаздағы алғашқы тәкбір, құныт дұғасындағы тәкбір, екі айт намазындағы тәкбір және төртеуі қажылық жасау барысында» деген [4]. Имам әт-Тахауи де дәл осы мағынадағы хадисті риуат еткен [5].

         Имам Мүслім Жәбир ибн Самурадан (р.а.) жеткізген хадисте былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізге келіп: «Не үшін сендер қолдарыңды асау аттың құйрығы сияқты көтере бересіңдер?! Намазда тыныш тұрыңдар!», – деді». Намаз жаңадан парыз болған кезде дәл казіргідей толық болмағандығы белгілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды біртіндеп үйретіп, кейінірек қателерін түзетіп отырған. Рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолды көтеру мәселесі де әуелде бар болып, кейін мансұқ (яғни үкімі жойылған) болғанын осы хадистің өзі де аңғартады. Бұл үкімнің мансұқ болғанынан бейхабар кейбір сахабалар әуелдегідей рүкүғке барғанда және қайтқанда екі қолдарын көтеріп, намаз оқығандарын Пайғамбар (с.ғ.с.) көріп жүрген. Кейін сыртқа шығып оларға осы хадисте келтірілген сөздерді айтқан. Имам Тахауи Әбу Шайба әл-Әсуадтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Омар ибн Хаттабқа (р.а.) ұйып намаз оқыдым. Ол өз намазында алғашқы тәкбірден басқа еш жерде қол көтермеді.

         Әш-Шағби, Ибраһим және Әбу Ысқақтардың да намаз басындағыдан өзге қол көтергендерін көрмедім», – делінген. Имам Тахауи Әбу Шайба әл-Әсуадтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) бірінші тәкбірде екі қолын көтерген соң, қайта көтермегенін көрдім», – делінген. Имам әл-Бәйһақи, Ибн Масғұдтан (р.а.) келтірген риуаятта: «Пайғамбар (с.ғ.с.), Әбу Бәкір (р.а.) және Омардың (р.а.) артында тұрып намаз оқыдым. Олар намаз басындағы қол көтеруден басқа екі қолын көтермейтін», – деген. Имам Тахауи Әбу Бәкір Ибн Айештен (р.а.) риуаят етеді: «Ешбір фақһтің (шариғат ғалымы) ешқашан бірінші тәкбірден соң екі қолын көтергенін көрмедім», – деген.

         Имам Бұхари мынадай бір хадис келтіреді: «Менің көргенім, Пайғамбарымыз намаздың алғашқы тәкбірін айтқанда ғана қол көтерді. Одан өзге (жерлерде) қолын көтерген жоқ» [6].

         Ия, қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәлел-дәйектерге амал етуге және Ханафи мәзһабында намаз оқып, ата-бабаларымыз жүріп өткен жолмен жүруді Алла Тағала нәсіп етсін.

[1]. Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә, 1/307-бет;

[2]. Мәйдани, Лиубаб, 1/67-бет.

[3] Имам Термези. Сунән №257.

[4] әл-Хидая шәрх әл-бидая. «Дәр әс-сәләм» баспасы, 2000 ж., 1-т., 131-б.

[5] Нур әд-Дин Али ибн Султан. Фәтху бәб әл-иная би шархи китаб ән-нуқая, Мәктәбә әт-турәс уә әл-улум әл-арабия, 2010 ж. 1-т., 357-б.

[6] Имам Бухари. Қуррат әл-айнәйн №34 хадис.


By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38