С: Құдықтың суымен дәрет алуға болатындығын білдік. Ал, құдыққа бір нәжіс зат түсіп кетсе оны тазартудың жолы қандай?                            

Ж: Құдыққа лас заттар түсіп кетсе төмендегі жолдармен тазартылады:

1.     Егер құдыққа нәжіс зат түссе немесе оған адам, яки ит, не қой түсіп өлсе, бүкіл су шығарылып тазартылады.                               

2.     Егер кептер, тауық, мысық немесе осыларға ұқсас нәрселер түсіп өлсе қырық шелек су шығарылуы міндетті. Елу шелек алынуы мұстахаб.

3.     Егер тышқан,торғай немесе осыларға ұқсас нәрселер түсіп өлсе жиырма шелек су шығарылуы міндетті, отыз шелек алынуы мұстахаб.

4.     Бұл айтылған жағдайлар өлік ісініп, бұзылып, жайылып кетпеген жағдайда, ал егер, қатты ісініп, жарылып кетсе, түскен хайуан үлкен болсын, кішкентай болсын, құдықтың бүкіл суы шығарылуы қажет.

С: Суды шығаруда шелектің қандай түрі қолданылады?                                

Ж: Құдықтардағы қауға шелектердің орташа түрі қолданылады.                               

С:  Қауға шелек өте үлкен болса ше?                                

Ж: Мұндай жағдайда үлкен қауға шелек басқа орташа шелекпен салыстырылады. Мысалы, өте үлкен қауға шелек он орташа қауға шелекпен пара-пар болған жағдайда, егер тышқан түссе екі-үш шелек тартса жеткілікті болады. Басқа жағдайларда да осылай есептеледі.                        

Ескерту: Құдықтың бүкіл суын шығарудағы мөлшер –жарты шелек толмайтындай ғана судың қалуы.

С: Кейбір құдықтарда су көзі күшті болып,қанша су шығарылса да шыққан су тоқтамай көбейе береді. Осындай жағдайда не істеу керек?                              

Ж: Мұндай құдықтардың ластанған суы шығарылса жетеді. Бұл амал екі әділ кісінің куәлігі арқылы іске асарылады. Әбу Ханифаның жолдасы Мұхаммед ибн Хасан мұндай жағдайларда екі жүзден үш жүз шелекке дейін су шығартқызған.

Ескерту: Аталған жәйттерде құдықтың бүкіл немесе жарты суы тартылып шығарылады, құдыққа таза деген үкім берілсе, құдықтың қабырғалары, топырағы, қауға шелегі, арқаны, су тартушының қолы– барлығы да таза деп есептеледі.

С:Кейде құдықтың ішінен табылған тышқан сияқты жәндіктің оған қашан түскені белгісіз болатын жағдайлар кездеседі. Ал, осы уақыт ішінде ол жайдан бейхабар адамдар сол құдықтың суымен жуынып, намаз оқып, қажетті заттар тазартқан.Осындай жағдайда не істеу керек?                               

Ж:Егер құдыққа түскен тышқанның өлігі бұзылмаған болса,сол құдықтың суымен дәрет алғандар бір күн және бір түннің намаздарын қайталап оқиды, жуған заттарын қайта жуады. Ал, егер құдыққа түскен тышқанның өлігі бұзылып кеткен болса, үш күн, үш түнгі намаздарын қайталап оқулары қажет. Бұл Әбу Ханифаның пікірі. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірлері бойынша өліктің құдыққа қашан анықтап білу қажет. Соңғы үкім жеңілірек.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38