Кейбір мұсылман ғалымдарының пікірінше күнә пенденің өмірін қысқартады. Алла Субханаһ ризық-несібенің берекесінің көптеген себептерін жасағаны сияқты өмірдің берекелі болуының да себеп-салдарларын жаратқан. Сондықтан да өмірдің белгілі бір себептер арқылы ұзаруымен бірге белгілі бір себептермен қысқарады да. Ризық-несібе мен ажал, бақыт пен бейбақтық, денсаулық пен дерт, байлық пен кедейлік Раббының тағдырымен болғанымен, Ол осылардың әрбірінің себептерін келтірген. Мысалы, бақыт жету жолы, бақытсыздыққа тап болып, бейбаққа айналу жолдары айқындалған. Ғұламалар бұл пікірлеріне мынадай хадисті негіз еткен.

عَنْ سَلْمَانٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لاَ يَرُدُّ الْقَضَاءَ إِلاَّ الدُّعَاءُ، وَلاَ يَزِيدُ فِي العُمُرِ إِلاَّ الْبِرُّ«. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ، وَالْحَاكِمُ، وَابْنُ مَاجَه، وَأَحْمَدُ .

Сәлманнан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Жазмышты тек дұға ғана қайтарады, ғұмырды ізгілік қана ұзартады», – деген. Тирмизи, Хаким, Ибн Мәже, Ахмет риуаяты.

Расында да пенде өмірі – тіршілігінің мерзімі, ол Аллаға деген құлшылығымен тікелей байланысты. Өмірлік сағаттар – сол уақыттар. Ізгілік пен тақуалық, тағатпен ғибадат жасау осы нағыз шынайы өмірдің жасын ұзарта түседі. Одан өзге өмір жоқ. Сондықтан да Алла Тағала Өзінің Елшісіне (с.а.с.) және жалпы иман келтіргендерге бүкіл ғибадатарын, өмірлерін, өмірден кейінгі ахуалын тек бір Өзіне арнауды бұйырған:

﴿قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ *لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ﴾

«Намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» деп айт» (Әнғам, 162, 163).

Сондай-ақ, осы дүние тіршілігінде қашан белгіленген мерзім, айқын дәлел – ажал келіп жеткенше бір Өзіне – әлемдердің Иесіне табынуға шақырады.

﴿وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّى يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ

«Өзіңе өлім жеткенше Раббыңа құлшылық қыл» (Хижр, 99). 

Алдыңғы толқындағы тақуа жандардан мынадай нақыл қалған.

الدُّنْيَا سَاعَةٌ فَاجْعَلْهَا طَاعَةً

«Дүние ұқсайды бір сағатқа, айналдыр оны тағатқа». Мұндағы тағат – Алла Тағалаға құлшылық, ғибадат. Яғни, осы қысқа мерзімді ғибадатпен өткізу керек.

Ал егер пенде Аллаға ғибадат етуден бас тартып күнәға батса, оның шынайы өмірінің күндері жоғалады. Оның қасіретін «Әттең-ай, өмірімен қайтып барсам ғой?!» (Фәжір, 24) дейтін күні ғана білетін болады. Бірақ сол кезде білгеннен еш пайда жоқ. Пенде әрқашан дүниелік және ақыреттік мүдделеріне бірдей көңіл қоюы тиіс. Онсыз оның бүкіл өмірі зая кетеді де, тіршілігінде ешбір мән болмайды. Жаратқан Иесіне бет бұрып, Оны сүю мен зікір ету арқылы рахаттанбай, Оның разылығын басқа мүддеден жоғары қоймай пенде үшін толыққанды тіршілік жоқ.

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38