«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді ата-бабаларымыз. Туғаны қылмыс қылса, оны кешіріп, ал басқа біреу ағаттық жасаса, абақтыға тоғыту әділетсіздік. Ислам діні қара қылды қақ жаратын әділеттілікке шақырады. Үкім еткенде заң алдында барлық адамға тең қарауды әділдіктің басты шарты етіп бекіткен. Алланың Елшісі (с.а.с.) қандай жағдайда болмасын, әділдікті сақтаған әрі үмбетін ар алдында адал болуға үндеген.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ قُرَيْشًا أَهَمَّهُمْ شَأْنُ الْمَخْزُومِيَّةِ الَّتِي سَرَقَتْ، فَقَالُوا: مَنْ يُكَلِّمُ فِيهَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالُوا: وَمَنْ يَجْتَرِئُ عَلَيْهِ إلَّا أُسَامَةُ بْنُ زَيْدٍ حِبُّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَكَلَّمَهُ أُسَامَةُ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أُسَامَةُ، أَتَشْفَعُ فِي حَدٍّ مِنْ حُدُودِ اللَّهِ تَعَالَى؟ ثُمَّ قَامَ فَخَطَبَ، فَقَالَ: إنَّمَا أَهْلَكَ الَّذِينَ كَانُوا مِنْ قَبْلِكُمْ أَنَّهُمْ كَانُوا إذَا سَرَقَ فِيهِمْ الشَّرِيفُ تَرَكُوهُ، وَإِذَا سَرَقَ فِيهِمْ الضَّعِيفُ أَقَامُوا عَلَيْهِ الْحَدَّ، وَأَيْمُ اللَّهِ لَوْ أَنَّ فَاطِمَةَ بِنْتَ مُحَمَّدٍ سَرَقَتْ لَقَطَعْتُ يَدَهَا .«رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَالْأَرْبَعَةُ.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Құрайыш тайпасының көсемдерін текті әулет – махзумия руының ұрлық жасап қойған бір әйелінің жайы көп ойландырыпты. Бұл істің салдарынан қорыққан олар әйелді жазадан құтқарудың жолын іздеп: «Ол туралы Алланың Елшісіне кім айтып барады?» – деп кеңеседі. Сонда біреулері: «Ол туралы батылдықпен айта алатын біреу болса, ол – Алла Елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Усәма ибн Зәйд», – деп соны арашашы етуге келіседі. Келісім бойынша Усәма (р.а.) әлгі әйелдің мәселесі туралы Алла Елшісіне (с.а.с.) айтады. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Усәма! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап, алып былай деп жар салады: «Ақиқатында, сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері үшін жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер, тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!»[1]

Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) қоғамдағы әділдік қағидасын осылай айқындап берген. Өзі де өзгелерге үлгі болған.


[1] Бұхари, Мүслім жеткізген.

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38