Ислам – мұсылмандарды таза­лық­қа шақыратын дін. Пайғамбарымыз  “с. а. у”. «Екi түрлi қарғыс арқа­лау­дан сақ болыңдар!», – дегенде сахабалар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?», – деп сұрайды. Сонда Расулалла: «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», – деген екен (Мүслим риуаяты).
Демек, бiзге, мұсылмандарға түскен мiндет – айналамыздағы қоршаған ор­та­ны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялау.

Негiзiнде мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қирату­шы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi. Өкiнiшке қарай, мұсылманшылықты бiлмегеннiң кесi­рi­­нен көп жағдайларда керiсiнше болып жатады. Мәсе­лен, көктем кездерiнде табиғат аясына сейiлдеуге шыққанда, қоқыс­тарды шашып, ағаштарды сындырып, теме­кi­нiң қалдықтарын қалдырып, тiптi оны өшiрместен тастап кетудің кесiрiнен орман алқаптары өртенiп, табиғатқа керi әсерiн тигiзiп жата­тын  жағдайлар да кездеседi.
Адам баласы үшін берiлген табиғатқа қиянат жасау сорақылық емей немене? Өйткенi, әр нәрсенiң залалы өз басымызға келмесiне кiм ке­пiл? Сондай-ақ, қияметте бұл iсiмiзден сұралатын боламыз әрi жазасы өте ауыр болмақ. Алла тағала қасиеттi Құранда осы берiлген шексiз нығмет­тердiң о дүниеде сұрауы бар екенiн ескертедi.

Онда:

«Ырыс-дәулеттерiңнен (берiлген нығметтерден) әлбетте сұраққа тарты­ла­сыңдар» деген («Тәкәсүр» сүресi, 8-аят). Ал даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуi осыған саяды.

Келесi бiр тұрғыдан қарағанда, Жа­рат­қанның разылығы үшiн жаратқан­дарына сүйiспеншiлiкпен қарау да – құлдық мiндетiмiз. Бұл дүние нығмет­терiнде өзге де жаратылыстардың хақысы бар. Олардың хақысына қол сұғу қияметте ауыр есеп берудi талап етедi. Өкiнерлiк жағдайлардың бірі – адам баласы­ның пайдасы үшiн жаратылған бар­лық нәрсе адамдар тарапынан қыр­ғын­дыққа ұшырап жойылып жата­тын­дығында. Қарап тұсаңыз, күні кеше ғана тұрған нәрсе бүгiн жоқ болып шығады. Қазiргi таңда адамдар таби­ғатқа «байлық деп немесе табыс көзi» ретiнде қарауының нәтижесiнен осын­дай өкiнiштi жағдайлар туындап отыр.

Ислам дiнiнің тек мiнәжат етуден тұрмайтындығын түсінуіміз керек. Негiзiнде айналамыздағы табиғатқа мейiрiмдi­лiк­пен қарайтын болсақ, бұның өзi – Алла тағаланың құзырында құлшы­лық һәм үлкен сауап.
Алла тағала адамдардан өзiне тап­сырылған аманатты, яғни жердi абат­тандыруын сұрайды және оны әрқан­дай бүлiнушiлiктен қорғауға шақы­рады. Сол себептi дiн тағылымда­рын­да осы байлықтарды пайдалану­дың өзiнше ережелерi мен заңдары бар.

Құран тағылымдарындағы табиғат­ты пайдаланудың алғашқы және ең маңызды қағидасы -ысырап етпеу және шектен шықпау болып табыла­ды. Алла тағала түрлi аяттарда «iшiп-жеңдер, бiрақ ысырап етпеңдер», – деп тапсырады. Ысырапшылдық және табиғи байлықтарды зая кетiру – жаратылысқа, үстем жүйеге қайшы келедi. Өйткенi, Алла бар нәрсенi өлшеп, белгiлi дәрежеде жаратқан. «Қамар» сүресiнiң 49-шы аятында:

«Шын мәнiнде әр нәрсенi бiр өл­шеумен жараттық», –  дейдi. Сон­дықтан табиғи байлықтарды шектен тыс пай­далану – әлемдегi тәртiптi және ондағы тепе-теңдiктi бұзуы әбден мүмкiн. Қоршаған ортаға қатысты маңызды бiр қағида өзгенiң зиянына соқты­ратын iстi iстемеу болып табылады. Алла тағала жаратылыс жүйесi бойын­ша, адамзат­қа арнап жаратылғанын баса айтып, адамды осы жүйеде бұзақылық жасау­дан тияды. Өйткенi, бұл iс табиғат нығ­меттерiн пайдала­нуға хақысы бар өзге кiсiлерге зияны тиюге себеп болмақ.

Дiн тағылымдарда табиғи байлық­тардың сарқылуына немесе оның бүлiнуiне әкелетiн кез-келген әрекет­ке жол жоқ. Ислам дiнiнiң көзқарасы бойынша, табиғи нығметтердi игеруде әдiлеттi болу керек. Басқаша айтқанда, қоршаған ортаның құрып кетуiне не­месе ластануына әкелетiн және қазiргi шақта әрi келешекте адам өмiрiне қиындық туғызатын табиғатты пайда­лану жөнiндегi әрқандай әрекетке тыйым салынады. Ислам – қоршаған ор­таны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғат мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселе­лер­дiң өзi қарастырылмаған-тұғын.
Исламдық хадистер мен рауаяттарда қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi қуатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу мәселелері дiни тағылымдарда қуатталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылды­рыл­ған. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi:

«Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет-қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн»,  – дейдi (Бухари риуаяты). Бұл жерден ағаш егудiң өте маңызды екенiне көз жеткiземiз. Ардақты пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм үш нәрсе көздiң нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан.

Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм өз қолымен құрма ағашын егiп, мұсылмандарды солай iстеуге шақырып: «Қандай да бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, құрт-құмырсқа­лар мен құстар жеп азықта­натын болса-дағы, мiндеттi түрде өзiне сауап ретiнде керi қайта­ды», – деген. Байқа­ғаны­мыздай, Құран мен сүннетте жасыл желектi ағаштарға да баса назар аудар­ған.  Ағаштың және ормандар­дың тек қана адамдар үшiн емес, сонымен бiрге жан-жануарлар үшiн де пайдасы орасан зор. Өйткенi, жан-жануарлар­дың ба­сым көпшiлiгi­нiң паналайтын жерi – ағаштар мен ор­манды алқаптар.

Имам Ахмад Әбу Дардаъдан риуаят еткен хадисте: «Әбу Дардаъ бiрде Да­маск қаласында көшет отырғызып жат­са, оны бiр кiсi көрiп: «Пайғам­бардың сахабасы бола тұра бұл iстi iстегенiң қалай?»,- дейдi (яғни, ол кезде сахаба­лардың көбi дүниеден өтiп, азшылығы ғана қалған, елдiң арасында сахаба­лардың абыройы патшалардай зор. Сондықтан «сахаба деген абы­ройың бар, көшет егiп абыройыңды түсiрiп не қыласың? Абыройыңа нұқ­сан келедi ғой», – дейдi әлгi кiсi.) Оған Әбу Дардаъ: «Асықпа, сабыр ет: мен Пай­ғамбары­мыздың: «кiм бiр тал ексе, одан бiреу келiп жесе немесе саясында дем алса, сол себептi ол адамға садақа болып жетiп тұрады», дегенiн естiгем», – дейдi.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз саллал­лаһу аләйһи уәсәлләм мұны тек ай­тып қана қоймай, iс жүзiнде де дәлел­дей бiлген. Оған тарихтан дәлел ретiн­де айтар болсақ, Алла елшiсi саллал­лаһу аләйһи уәсәлләм Меккеден Мәди­наға көшiп келген кезiнде Мәди­наның батпағын кептiру үшiн айнал­дыра ағаш еккiзгенi мәлiм.

«Жақсының жақсы­лы­ғын айт, нұры тасысын», – дейдi дана халқымыз. Елбасымыз да Алматыдан Астанаға көшiп келген жылдары Аста­наны айна­лдыра ағаш отырғыздырмап па едi? Бұл амалын сүннеттi, пайғамбар iсiн жан­дан­дырыпты десек, артық емес шығар.

Мiне, осы секiлдi ағаш батпақты ғана кетiрiп қоймай, ауаны да тазарта­ды, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Күнде­лiктi қолданып жүрген материалда­ры­мыз­дың көбi осы ағаштан жасалады.
Табиғатты қорғау дегенiмiз – қа­зақтың ұғымындағы өзiнiң ұлттық дәстүрi бойынша «атаңнан мал қалған­ша, тал қалсын» деген нақылға сүйене отырып аялау, табиғатты қорғауға және оны тиiмдi пайдалануға үйрету, мейiрiм көзбен қарау. Қорыта айтқан­да, Алла тағаланың разылығы кейде үлкен нәрседе, кейде орташа нәрседе, ал кейде кiшкене нәрседе жасырынып тұрады. Ашуы да дәл солай. Олай бол­са, Алланың барша жаратқанда­рына мейiрiм-шапағатпен және сүйiс­пен­шiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiспiз.
Ислам дiнi барша тiр­шiлiк иелерiне, яғни адамдарға, жан-жануар­ларға, тiптi өсiмдiктердiң өзiне рақым­дылық танытуға, сүйiс­пен­шi­лiк­пен мәмiле жасауға бұйырады.

Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләмның «Адамдардың ең жақсы­сы – басқаларға пайдасы тигенi»,- дегенiн де жадымыздан шығармағанымыз жөн. Тағы бiр хадисте: «Бiр адам бiр ағаш отыр­ғызса, дәптерiне отырғызған аға­шы­­ның жемiсiндей сауап жазыла­ды», – дейдi.
Тiптi, еккен ағашымыздан адамды қойып, жануар-жәндiктердiң өзi пайда­ла­нып жатса, оларға бiздiң берген садақамыз болатындығын Пайғамба­ры­мыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм айтқан. Онда:
«Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» деген (Бухари риуаяты). Пайғамба­рымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм:
«Адам қайтыс болғанда үш түрлi амалынан басқасының бәрi тоқтайды: ел игiлiгiне жарайтын жария садақа, елге пайдалы iлiм, дұға жасайтын iзгi ұрпақ», – дейдi. Дәл осы хадистегi өлген­нен кейiн де сауабы тоқтамайтын жария садақа ол – тал егу, ендеше баршамыз одан қапы қалмайық!
Шын мәнінде, табиғатты аялап, оны таза ұстау – өз қолымызда. Алла тағала әрбiр жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемiсiн екi дүниеде жеудi нәсiп етсiн. Әмин!

Қадыржан Мамметов,

Шымкент қаласы “Исамиддин баба” мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38