Бисмиллахир – Рахманир – Рахим!

Неке. Неке дегеніміз – отбасын құру және ұрпақ жалғастыру ниетіндегі үлкен де абыройлы іс. Ол адамның бүкіл болмысы мен жанын, ақылын түрлі адасушылықтардан қорғайтын сезімді басқарады.

Дінімізде үйлену мәселесіне ерекше маңыз берілген. Пайғамбарымыздың «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер, менің үмметімнен емес», – деген хадисі бар. Сондықтан, әрбір мұсылманға неке қиып, отбасын құру – мұсылмандықтың шарттарының бірі.

Ертеректе ата-бабаларымыз шаңырағын өзара түсіністікпен, бір-біріне деген махаббат сезіміне деген құрметпен негіздей отырып құрды. Өз кезегінде оның отбасының тату-тәттілігіне, ынтымақ-бірлігіне өзіндік әсері болды.

Жанұя – мемлекеттілікті құрайтын үлкен тетіктердің бірі. Ал, осы тетіктер өзара үйлесіммен үлкен игі бастамадағы мемлекетті іске қосатын рухани байлықтар.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатта адам үйленгенде үш түрлі ниетпен үйленеді. Біріншісі имандылығы, тәрбиелілігі, мінез – құлқы, парасаттылығы үшін. Екіншісі дүние – байлығы үшін. Үшіншісі сұлулығы үшін. Сіздер діндарлығына қарап үйленіңіздер, әйтпесе өз – өздеріңізге зияндық істеген боласыздар», – деген. Сондықтан, мұсылман адам ең алдымен кіммен некеге отыратынын, кіммен бас қосатынын білуі мен талғамды таңдауы болу қажет.

Осы ретте мына бір жағдай еске түседі. Күндердің күнінде ісі оңға басқан бір саудагер үйіне құр қол оралады. Әйелі күйеуіне кешкі асын беріп отырғанда, оның оң көзінің сол жағына қарай қисайған кемшілігін бетіне баса айтады. Әйелінің бұл сөзіне қатты ызаланған күйеуі: «Біздің отау құрғанымызға бірнеше жыл болды, сол уақыттан бері менің көзімнің кемшілігін бүгін ғана байқап отырсың ба?», – депті. Сонда әйелі: «Сізбен отау құрғалы бері мен сенің көздеріңе көңіл бөлмей, тек үйге алып келген дүние-заттарыңа назар тастап, қолыңа ғана қарадым. Бүгін сіз құр қол келгендіктен, жүзіңізге қарап, көзіңізге көзім түсті», – деген екен.

Мұсылман ердің алдында некелескен әйелін барлық қажеттіліктермен, соның ішінде, баспанамен қамтамасыз ету, тамақтандыру, киіндіру, т.б. міндеттері бар. Ал, өз кезегінде мұсылман әйеліне келесі міндеттер жүктеледі: күйеуіне бағыну, күйеуінің ата – анасы мен туыстарын құрметпен сыйлау, басқа бөтен ер адамдардан өзін қорғау, күйеуі ұнататын киім кию және иіс суды қолдану. Күйеуінің жиған – тергеніне ие болу. Тіптен, күйеуі әйеліне бөлектенуді сұраса, еш қарсылықсыз бағыну (етеккірі болмаса).

Осы арада мына бір хадистен  мысал келтіре кетсек.“Муьаз (р.л.ғ.) Шамнан келген уақытта Нәбиге (с.ғ.с.) сәжде еттi. Мұны көрген Нәби (с.ғ.с.): “Ей, Муьаз (р.л.ғ.)! Мұның не?”, – деп сұрағанда, ол (р.л.ғ.): “Мен Шамға барғанымда ондағы адамдардың өздерiнiң епископ пен ақсүйектерiне сәжде ететiндерiн көрiп, бiз де Сiзге (с.ғ.с.) солай сәжде етуiмiздi оң көрдiм”, – деп жауап бердi. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): “Олай iстемеңдер. Мен адамның адамға құрмет пен бойұсыну белгiсi ретiнде сәжде етудi бұйырар болсам, ең алдымен әйелдiң өз ерiне сәжде етуiн бұйыратын едiм. Әйелдiң ерi осыған лайық. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жаны билiгiнде болған Аллаһ тағаламен ант етемiн! Тiптi ерi әйелiнен “жаныңды бер” деп талап еткен болса да, әйел өз ерiне қатысты мiндетiн өтемейiнше, Раббысының алдындағы мiндетiн өтемеген болады,” – деген екен. Пайғамбарымыздың с.а.с. осы бір өнегесінен үлкен ұлағат көруге болады.

Исламда әйел мен еркектің өзара міндеттері нақтыланып көрсетілген. Алдымен әйелдің ерінің алдындағы міндеттері мен әдебін атап көрсетсек:

1. Әйел кісі күйеуінің рұқсатынсыз тіпті нәпіл ораза ұстай алмайды және үйіне бөтен адамды кіргізбеуі тиіс;
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Күйеуі жанында бола тұрып әйелдің Рамазан айынан тыс уақытта ерінің рұқсатынсыз ораза ұстауына, үйіне бөтен адамды кіргізуіне, малын жұмсауға болмайды», – деген (Бұхари). Исламда отбасылық өмірдегі жұбайлардың шариғат белгілеп берген ақылары нәпіл ғибадаттардан жоғары тұрады. Бұған барша мұсылман бауырларымыз амал етулері керек.

2. Әйел кісі үзірлі (мәжбүрлі) жағдайы болмаса, күйеуінің шақыруынан бас тартпауы тиіс; «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, бұл да әйел кісінің күйеуі алдындағы жұбайлық міндеті болып табылады. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ері төсекке шақырған уақытта келуден бас тартқан әйелге періштелер таң атқанға дейін лағынет айтады», – деген.

3. Әйелдің күйеуіне бағынуы; Ер адам – үйдің отағасы. Егер жұбайы күйеуіне бойұсынса, перзенттері де әкесінің тілін алатын, үлгілі болмай ма? Осыдан кейін отбасында сыйластық, ата-ананың балаға деген, бала-шағаның ата-анаға деген сүйіспеншілігі артып, шаңырақта береке бірлік орнайды.

 

Әйелдің күйеуінің алдындағы әдептері

1. Мұсылман әйел Алла тағаланың бұйрығына қарсы келмейтін барлық жағдайда күйеуін тыңдауы керек; Умму Саламадан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қайсыбір әйел жан тапсырып, тірі кезінде күйеуі оған разы болған болса, ол әйел жәннатқа кіреді», – делінген (Термизи, әл-Хәким).

2. Барға қанағат ету; «Қанағат қарын тойғызар» деген емес пе?! Жақсылыққа жаны жақын жұбайлар күйеулері кәсіп етуге үйден шығып бара жатқанда: «Алла тағала харам еткен кәсіптен аулақ бол. Алладан қорқыңыз! Біз аштық пен шөлге шыдай аламыз, бірақ тозақ отына шыдай алмаймыз», – деп айтады.

3. Күйеуіне ықыласпен қызмет ету; Жаъфари Садық: «Бір әйел өзінің күйеуіне жеті күн қызмет етсе, Алла тағала ол үшін тозақтың жеті қақпасын жауып, жәннаттың сегіз есігін ашады», – деген.

4. Күйеуін жаман іс-әрекеттерден тыю, күнәға бой алдыруына себеп болмау; Керісінше, игі де сауапты істерді істеуіне көмектесу. Мұндай жұбайларды пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мүмін пенде үшін Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең жақсы нәрсе – салиқалы әйелінің Алла тағаланың әмірін орындауда жәрдемдескенін көргенде қуануы», – деп мақтайды.

5. Күйеуі қайғырып отырғанда қуанып, қуанып отырғанда қабағын шытып отырмауы тиіс; Күйеуін сабырға шақырып, қайғысын жеңілдетуге тырысуы қажет.

6. Күйеуінің ең сенімді адамы болып, үй жұмыстарын тәртіпке салып отырғаны абзал; Оның жасап жатқан игі істеріне құрметпен қарап, қонағын жақсылап күтіп, жұмыстарын есіне салып, уақытын үнемдеуге көмектесіп отырады.

7. Күйеуімен сөйлескенде жылы-жылы, әдемі сөздерді айтып, өзін әдемі, таза етіп ұстауы тиіс; Өйткені, бұл жағдай ер адамның көңілін көтеріп, жүрегіне қуаныш сыйлайды.

8. Ата-енесінің, оның туған-туыстарының абыройларын төкпей, күйеуінің дүние-мүлкін сақтай білуі қажет;

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тұсында алыс жолға жиналған күйеуі әйеліне барлық керекті қажеттіліктермен толық қамтамасыз етеді де әйелінің үйден шықпауын бұйрық етеді. Біраз уақыттан кейін, әйелдің екі туған ағалары әкесінің қатты науқастанып, әл үстінде жатқанын хабарлайды. Не істерін білмесе де, әйел күйеуіне үйден шықпау туралы ант бергенін ағаларына айтады. Сәл уақыттан кейін, әкесінің қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Күйеуін құрметтеген әйел, әкесін жоқтаса да күйеуінің жазасын ұстанып, туған әкесінің жерлеуіне бармайды. Біраз уақыттан кейін сапардан күйеуі келеді. Әйелдің ағалары болған жағдайларды айта Пайғамбарға жүгінеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл әйел күйеуінің жазасын ұстанды және күйеуінің айтқан сөзін құрметтеді, мұнысымен өмірдің бар жақсылығына ие болады әрі жұмаққа барады! – деп жауап берген екен.

Сармолда бабамыз былайша жырлаған:

Қызметкер білсін әйел еріне өзін,

Ұғынсын күйеуінің айтқан сөзін.

Көңілін күйеуінің қапа қылып,

Салмасын намахрамға әсте көзін.

Ойламай өз басының ар-ұятын,

Қыдырса рұқсатсыз ерден қатын,

Ол қатын үйге келіп кіргенінше,

Аспан, жер айтар деген лағінетін..

Бір күні хазреті Фатима әкесінің алдына жылап келеді. Расулуллаһ с.а.с:

– ей, Фатима, неге жылап тұсың?-деді.

–  ойланбай айтқан сөзіме Али ашуланды. Мен кешірім сұрадым. Бірақ оны ренжіткенім үшін жылап тұрмын.

–  қызым, білмейтін бе едің, Алла тағаланың разылығы – күйеуіңнің разылығына байланысты. Әрдайым күйеуінің разылығын іздейтін, күйеуі де одан разы болған әйел – ең бақытты әйел. Әйелдер үшін ең үлкен ғибадат – күйеуіне мойынсұнуы. Күйеуі әйелінен разы болса ол әйел қалаған есігінен жаннатқа кіруге құқылы болады. Күйеуін ренжіткен әйел оны разы еткенге дейін Алла тағаланың лағынетінде болады» депті сонда Расулалла.

Еркектің әйел алдындағы міндеттері

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): айтқандай: «Әйелдердің сендерге қатысты міндеттері бар. Сондай-ақ, сендердің де әйелдеріңе қатысты міндеттерің бар». Олай болса, ер адамның әйелі алдындағы міндеттеріне тоқталсақ:

1. Жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу, көркем мінез таныту;
Ерлі-зайыптылардың арасында сүйіспеншілік, бір-біріне деген мейірімділік пен кешірім болуы керек. Сондықтан отбасында кездесетін болмашы нәрселерге бола бір-бірін ренжітпеулері тиіс.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне азар бермесін және әйеліне әрдайым жақсылық жасасын! Өйткені, олар қабырғадан жаратылған. Әлбетте, қабырғаның ең иілген жері ұш жағында. Егер оны түзетемін десең, сындырып аласың. Егер оны солай қалдырсаң, ол сол иілген күйінде қалады. Сондықтан, әйелдерге үнемі жақсылық жасаңдар!», – деген.

2. Әйелдерге нәпақа беру, яғни материалдық жағдайын жасау, тамақтандыру, киіндіру, т.б.; Муауия ибн Хайда әл-Қурайший (р.а) риуаят еткен хадисте: «Ей, Алланың Елшісі, жұбайымыздың алдында қандай ақыларымыз бар?», – дедім. Ол кісі (с.ғ.с): «Қашан тамақтансаң, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім алсаң, оған да киім әпер. Әйеліңнің бетінен ұрма және жаман сөзбен балағаттаушы болма. Әрі үйіңнен басқа жерде дауысыңды көтеріп ұрыспа», – деді», – делінген (Әбу Дәуід пен Тирмизи).

3. Қателіктерін жасыра білу; Әйел адам жаратылысы нәзік бола тұра кейде ер адам көтере алмайтын ауыртпалықтарды көтере алады. Дегенмен, олардың көңілдері бос келеді, жылы-жылы сөйлегенді ұнататын халық. Мұны ер-азаматтар түсінулері қажет. Үй шаруашылығындағы кейбір кемшіліктерді көрсе де, көрмегендей болып, оны айтса да, көңіліне тимейтіндей етіп айтуға тырысуы қажет. Осындай болмашы нәрсенің кесірінен жанұяға талақ түсуі ықтимал.

4. Ер адам жұбайының алдында әрдайым әдемі болып көрінуге тырысуы керек; Біз көбіне жақсы киімдерімізді көшеге шыққанда, қонаққа барғанда киеміз, сол кезде қырынып, жуынамыз, иіссулар себінеміз. Ал үйге келгенде қалай болсын солай киініп жүре береміз. Дұрысы, үйдегі сізді күтіп отырған жұбайыңызға әрдайым жақсы киімдеріңізді киіп, иіссу себініп, әдемі болып көрінуге тырысыңыз.

5. Ер адам сабырлы болуы керек; Ер адам әйелі барлық жағынан кемел, кемшіліксіз, менің жұбайым сондай адам, ол мені сыйлайды, ол маған қарсы шықпайды деп ойламауы керек. Жұбайыңыз сіз күтпеген мінез көрсетуі мүмкін. Сондықтан менің жұбайымнан теріс сөз бен мінез көрініс табуы әбден мүмкін деп, ер адам оған да дайын болуы керек. Осындай жағдайлар кездескенде кешірімді болып, түзелуіне көмектесуіңіз қажет. Ал егер сол кезде сіз де қызуқандылық танытсаңыз, жағдай басқаша болуы әбден мүмкін.

Хадисте. “Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар. Патша өз қоластындағылар үшiн жауапкер және солар үшiн сұралады. Отбасы жанұя үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Әйел күйеуi сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Қызметшi қожайынның мүлкi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Сендер барлығың жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар”деген (Хадистi Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят еттi.

Әйелінің жақсы мінезді болуын қалайтын адам, алдымен өзі жақсы мінезді болуы керек! Құран Кәрімде адамға келетін қиыншылықтар өзінің жасаған күнәларының себебімен келетіні білдірілген. Олай болса дініміздің әмірін орындап, тыйымдарынан ұзақ болғандар әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады.

Әділбай Тойшиев,

Шымкент қаласы

«Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» мешітінің  имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38