Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

         Үлкен қажылық – Исламдағы бес парыздың бірі.  Қажылық – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, қаражаты жеткілікті, қажылық амалдарын атқаруға денсаулығы жарайтын, азат мұсылманға өмірінде бір рет орындауы парыз. Қаражаты жеткіліксіз адам қажылыққа бармағаны үшін күнахар болмайды.

          Қажылық – парыз. «Оның жолына шамасы келген кісіге Алла үшін Қағбаны зиярат етуі (қажылық жасауы) керек. Ал кім қарсы келсе Алла барлық әлемнен бай» («Әли Имран» сүресі, 97-аят).

         Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа, жамағат! Алла тағала сендерге қажылық жасауды парыз етті, қажылық жасаңдар» дейді, сонда сахабалардың бірі: «Бізге жыл сайын қажылық жасау парыз ба?» дегенде Алла елшісі: «Егер «Иә» дегенімде, сендерге жыл сайын қажылық жасау парыз болар  еді. Бірақ оған шамаларың жетпес еді», – деп қажылықты жыл сайын емес, бір рет жасау жеткілікті екенін ұқтырды. Алайда біреуден көп жасағысы келгeндерге шектеу жоқ.

         «Қажылық» сөздікте қасиетті орындарды зиярат ету деген мағына береді. Ал діни терминологияда «Арафат тауында ғибадат ниетімен бір уақыт тұру, одан соң шарттарына сай тауап ету арқылы Қағбаға зиярат жасау» дегенді білдіреді.

         Ал умра – сүннет. Яғни сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жасаған амал. Біз сүннет орындау арқылы ардақты елшімізді (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жақсы көретінімізді, оған ұқсағымыз келетінін дәлелдейміз. Себебі сахих хадисте «умра умраға дейінгі аралықтағы күнәларды шаятыны» айтылған. «Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат» (Бұхари, Муслим) умра араб тілінде зиярат ету деген мағынаны білдіреді.

Қажылық пен умраның 3 айырмашылығы бар

         Қажылық пен умра құлшылықтың бірдей түрі деуге келмейді. Соған қарамастан, ол екеуі бір жерде жасалады, бірақ, негізінде екі құлшылық бір-біріне ұқсамайды. Умраны көбінесе «кіші қажылық» деп атайды, бұл жердегі мақсат – парыз болған қажылықтың маңызы мен мәнін көрсету.

          Қажылық та, кіші қажылық та Меккеге сапармен басталып, ихрам кию, Қағбаға тауап ету, Сафа мен Маруа жоталары арасында жүгіру және шаш алу секілді бірқатар діни ғұрыптармен ұштасады. Алайда, бұл екі құлшылықтың ұқсастықтары осы амалдармен аяқталады.

Айырмашылығы неде?

Қосымша  рәсімдер

         Жоғарыда аталған рәсімдерді кіші қажылықпен қатар үлкен қажылық уақытында да жасайды, дегенмен, тек үлкен қажылық кезінде ғана жасалатын рәсімдер де бар. Мәселен, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Мұздалифада түнеу, Арафа тауында тұру. Ал кіші қажылықта орындалуы тиіс рәсімдер бірнеше сағат ішінде аяқталады, сондықтан умарны «кіші қажылық» деп атаған. Ал қажылықтың рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 4 күн, 3 түн өтеді.

Уақыт шектеулері

         Қажылық пен кіші қажылықтың тағы бір айырмашылығы – уақыт. Баршаға белгілі, үлкен қажылық тек Зул-Хижжа айында жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез келген мезгілінде жасауға болады.

Исламдағы дәрежесі

         Қажылық пен умраның Ислам дініндегі орны да әртүрлі. Қажылық бес парыздың бірі. Абдулла ибн Омар Алла Елшісінің (с.а.с): «Ислам бес парызға негізделген – Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік сөзін айту, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару мен рамазан айында ораза ұстау»,- деп айтқанын жеткізген. Ендеше, мұсылман ғалымдарының көзқарасы бойынша мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылық жасау міндеттелген.

         Ал умраға келер болсақ, оны орындау парыз болып табылмайды, дегенмен, сүннет амалының қатарына жатады.

         Қажылықтың «тәмәттуъ» деп аталатын түрі бар. Қажылықтың бұл түрінде ең әуелі умра жасалады да, артынан парыз болған үлкен қажылық құлышылғын орындайды. Осылайша екі түрлі құлшылықты қатар орындау арқылы сауап жинау мүмкіндігі туады.

Азамат Әбдікерімұлы,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша «Қажылық» бөлімнің жетекшісі дінтанушы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38