Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Құрметті отандастар!

Баршаңызды күнделікті тіршілігіміздегі айтулы дата – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке, бірлік пен татулық, бақыт пен табыс тілеймін. Жаратқан жанұяларыңызға жар болсын!

Мұсылмандардың алғашқы әміршісі болған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) ел басқару аманатын қолға алған сәтте мінберге шығып былай деген еді:

«Ей, адамдар!Мен сендерге басшы болдым. Алайда, сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат...»

Ел басқаруда даналық жолды ұстанған кез келген басшы халықтың бірлігі мен берекесін, бейбітшілігі мен игілігін, ар-ожданы мен діни сенімін жоғары қойып, адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтірмеуге тырысқан. Өйткені, әділдік – барша азаматқа ортақ құндылық. Ал адам құқығы мен құндылығының негізгі кепілі – Ата заң.  

Конституциямыздың 14-бабында: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген.

Біз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолына түскен елміз. Біздің елде азаматтық қоғам жүйесі қалыптасып, адам құндылықтары басты орынға шығуда. Ендеше, азаматтық қоғамды қалыптастырып, ар-ожданымыздың алтын қазығы саналған Ата заңымызда айқын жазылған адамгершілік құндылықтарды дамыту сіз бен біздің белсенді, игі де ізгі амалдарымызға байланысты.

Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын арттырып, жақсылығы мен берекесін жаудырғай. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Әмин! 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38