Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын.

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа ғана тән!

Екі дүние сардары, Аллаһтың сүйікті құлы әрі Елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллоһу әлейһи уа сәллам), оның отбасыларына, сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Халық болған жерде өлім-жітім болады. Бұл – заңдылық. «Тумақ бар да, өлмек бар», – дейді қазақ.

Ислам діні бойынша дүниеден өткен адамның денесі топыраққа берілуі тиіс. Себебі, адам баласының негізі топырақтан жаралған. Ендеше, топырақ – оның Отаны. Сондықтан дүниеден өткен адамды жер қойнына тапсырған дұрыс. 

Адам баласы ғаламдағы күллі жаратылыс жүйесіне ғибратпен қарау арқылы өмірде көбірек көңіл бөлінуі тиіс нәрсенің – «өлім» ақиқаты екендігіне көз жеткізеді.

Осыған орай, Аллаһ Тағала былай деп бұйырған:

«Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни, яғни өткінші…» («Рахман» сүресі, 26-аят).

«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» («Әнбия» сүресі, 35-аят).

Аллаһ бұл әлемді сынақ орны ретінде, ал ақыретті бұл дүниедегі жасаған жамандықтарының жазасын және жақсылықтарының сауабын алатын орын ретінде жаратты. Ал өлім – екі дүние арасындағы өткел. Яғни, бұл дүние уақытша, пәни мекен, ол өліммен аяқталады. Ақырет мәңгі мекен, ол өлімнен басталады.

Ислам дінінің сенімі бойынша осы екі дүниенің арасында барзах әлемі бар. Ол – қайтыс болған адамдардың ақырзаман басталғанға дейін болатын орны. Оны қабір әлемі деп те атайды.

Сондай-ақ қабір – о дүниеге өткел және кірер есік. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әлбетте, қабір – Ақыреттің алғашқы мекені», (Ахмад, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ.  )– деген.

Адам баласының көп нәрселерге түсінбей жататындығы белгілі.  Аз ғана уақытқа қонақ болып келген мына дүниеге өзін тез-ақ алдатып қояды. Әр күні жаназаға куә болып жүрсе де, өлімді өзінен ұзақ деп ойлайды. Өзін кез-келген сәтте уысынан шығарып алуы мүмкін өткінші аманаттардың «мәңгілік иесімін» деп есептейді. Алайда, адам баласы рухына «тән» деген киім кигізіліп, «өмір» атты есіктен аттатылғаннан кейін-ақ өлім жолаушысы болып саналады. Ол сол жолдың дайындық мекеніне кіргенін ойлағысы да келмейді. Алайда, бір күн келеді, рухты тәннен ажыратады. Ақырет есігі қабірде мәңгілік сапарға аттандырылады.

Аллаһ Тағала айтады:

«Кімге ұзақ ғұмыр берсек, Біз оның жаратылысын (жастығы мен келбетін) өзгертіп, белін бүкірейтеміз. Адамдар осыны ойланбайды ма? (Ғибратқа толы өмір жолын түсінбейді ме?)» («Ясин» сүресі, 68-аят).

Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтады:

«Ақылды адам – нәпсісінің иірім-қалауларына мойынсұнбай, өлімнен кейінгі жағдайы үшін дайындық жасаған кісі…» (Тирмизи, Қиямет 25/2459).

Осы орайда дана халқымыз:

Лә илләһа илла Аллаһ,

Илла Аллада пайда бар.

Білмеген жанға не айла бар.

Барар жерің қараңғы,

Шамшырағыңды сайлап ал.

 

Опасыз фәни бұл жалған,

Жұтады жуан – жұқаны.

Малыңа сенбе, құлданған,

Қурайдың ол бір бұтағы.

 

Қай жаққа кетті аттанып,

Пікір қыл сонау көп халық.

Жетеді қуып ақ табыт,

Кигізіп жеңсіз лыпаны.

 

Аңдыма дүние қапысын,

Тірлік қыл тәңір хақ үшін.

Жей көрме жанның ақысын – ей,

Қыл көпір ертең тұтады.

 

Ұл – қызың, досың жорықтас,

Ешбір жебеп, жарытпас.

Жігерлен, сілкін, ғарып бас – ей,

Ғұмырың желдей зытады, – дейді.

 

Әрине, білген, түсінген адамға бұл жалған бір жанып біткен шырпы сынды зулайды.

Аллаһ тағала: «Ешкім ертең не істейтінін білмейді және ешкім қай жерде өлерін де білмейді» («Лұқман» сүресі, 34-аят.  ), – деген.

Яғни, адам баласынан ажал мерзімі мен орны жасырылған. Аятта айтылғандай, ол қашан, қай жерде жантәсілім ететінін білмейді. Өлім мерзімін құпия ұстауда Аллаһтың өз даналығы бар. Сондықтан адамдар әрдайым өлімге дайын жүруі қажет. Өзінің қашан өлетінін білмейтін адам ылғи да оған әзірленіп, оның қамын жасаумен болуы керек. Ал егер адам ажал мерзімінен хабардар болса, ол өмір бойы арқасын кеңге салып жүріп, өлім сәтіне таяған кезде ғана жанталасуы мүмкін. Сол үшін де ажал мерзімі адам баласынан құпия ұсталған, оның өлімге әрдайым дайын болуы қажет, ол өзіне белгіленген ажал мерзімі бар екенін және ол келген жағдайда бір сәтке де кешеуілдетілмейтінін түсінуі керек. Алла Тағала: «Әр халықтың белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді де ілгерілемейді» («Ағраф» сүресі, 34-аят.) – деген екен.

Аллаһ Тағала әрбір пенденің өлімі үшін ешкім өзгерте алмайтын уақыт пен мекен дайындайды. Аллаһ тағала: «Әрбір жан (иесі) Аллаһтың рұқсатымен ғана белгіленген жазмыш (ажал) жеткенде өледі» («Әлі Имран» сүресі, 145-аят.  ), – деген.

Өмірлерін Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікпен өткізген әрі өмірін салих амалдармен безендірген ерекше құлдар ақтық демдерінде Аллаһтың жәрдемімен кәлима шәһәдат айта отырып, рухани тыныштықпен ақыретке көшеді. Ал, керісінше, жер бетінде өткінші нәпсіқұмарлықпен дүниенің арбауына бой алдырып, рухани ішкі жан дүниесін кірлетіп, әлсіреткен жандар болса, көбінесе сол өмір сүрген салттарына қарай жан тапсырады. Әрі олар жердің астында да қасірет пен азапқа душар болады.

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде үмбетіне ескерту ретінде: «сірә, дүние салғанда өкінбейтін жан болмайды», – дейді. Сонда бір сахаба:

–                     Уа, Расулаллаһ! Ол қандай өкініш?, – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

–                     «Егер (дүние салған кісі) мұхсин (яғни, қайырымдылық жасаушы, са­лих) адам болса, одан да көп салих амал істемегеніне, егер ол жаман адам болса, жамандығынан арылып, өзін түзей алмағанына өкінеді», – деп жауап берді (Тирмизи, Зүһд 59/2403).

Осы мәселе туралы Аллаһ Тағала да құлдарына ескерту жасаған. Құран Кәрімде:

«Ей, иман келтіргендер! Сендерді дүние-мүліктерің мен бала-шағаларыңАллаһты зікір етулеріңнен тыймасын. Егер кімде-кім бұлай істесе, міне солар нағыз қасіретке ұшыраушылардың дәл өзі. Қайсыбіріңе өлім жетіп, «Уа, Раббым! Маған аз уақытқа мұрсат бере гөр, садақа беріп, ізгілерден болайын!»,- деместен бұрын, сендерге рызық ретінде берілген дүниемізді Аллаһ жолында жұмсаңдар! Өйткені, Аллаһ Тағала ажалы жеткенде ешкімді кері жібермейді. Аллаһ не істегендеріңен хабардар», -делінген («Мұнафиқун»сүресі, 9-11 аяттар).

Кағб: «Кімде-кім өлімнің не екенін білсе, оған өмірдің қиыншылықтары мен ауыртпалықтары жеңіл тиеді», – деп айтқан екен.

Айша р.а: «Мен Расулуллаһтың өлім сәтіндегі қиналғанын көргеннен кейін, бірде-біреудің өлімі жеңіл болады деп ойламаймын»,-деген(Тирмизи).

Дана халқымыз мақалында өмірдің ағысына ешкімнің қарсы тұра алмайтындығын бір ауыз сөзбен былай білдірген ғой:

«Өзен ағысын бөгеуге болады, Өмір ағысын бөгеуге болмайды».

Хадис шәріпте былайша баяндалады:

«Кімнің (өмірде) ең соңғы айтқан сөзі, яғни «Аллаһтан басқа ешқандай тәңір жоқ» болса, ол жәннатқа кіреді» (Әбу Дәуіт, Жанайз 15-16/3116; Хаким 1,503).

Яғни, жүрегіндегі нәпсілік қалауларды біржолата жойып, көңілін Аллаһқа деген сүйіспеншілікпен толтырса, сонымен қатар ақтық деміне дейін осы жолдан тайынбай рухани ғұмыр кешсе, міне, сонда ғана оның иманмен жан тапсырып, жәннатқа кіруі үміт етіледі. Өйткені, басқаша өмір сүрген кісінің ақтық демінде «Лә иләһә иллаллаһ» дей алуы өте қиын-ақ. Осыған орай, Аллаһтың Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Адам қалай өмір сүрсе, солай жан береді, қалай жан берсе, солай тірілтіледі» – деген. ( Мүслим, Жәннат 83; Мүнауи V, 663).

Ақтық дем – бусыз, таза айна іспетті. Адам баласы өз-өзін соңғы демін алып жатқанда толық танитын болады. Өмірде істеген әрбір амалы жүрегі мен көзінің алдында жанданып жатады. Сондықтан да, адам бала­сы үшін өлім сәтінен асқан ғибратты көрініс болмақ емес.

Хазірет Мәулана қандай тамаша айтқан десеңізші:

«Балақай, әркімнің өлімі өз түсінде (бояуында). Өлімнің адамды Аллаһқа қауыштыратынын ойламастан, өлімді жек көретіндер және оған дұшпан деп қарағандар үшін өлім – бейнебір қорқынышты жау секілді. Ал, өлімді өзіне дос тұтқандардың алдынан ол да дос сияқты шығады».

«Ей, өлімнен қорқып қашқан жан! Мәселенің түпкі мәніне, сөздің шы-нына келсек, сен өлімнен қорықпайсың, сен өзіңнен қорқасың».

«Өйткені, өлім айнасына қарағаныңда өлімнің келбетінен емес, өзіңнің ұсқынсыз жүзіңнен үркіп, қорықтың. Сенің рухың бір ағаш іспетті. Ал өлім сол ағаштың жапырағы. Олай болса, әрбір жапырақ ағаштың сортына қарай шығады».

Демек, өлімнің жақсы болуы өмірдің салих амалдарымен безеніп, жақсаруына байланысты болмақ деген сөз.

Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деп айтады:

«Қабір – (амалдарға байланысты) жәннат бақшаларынан бір бақша немесе тозақ, шұңқырларынан бір шұңқыр болады» (Тирмизи, Қиямет 26/2460).

Біз бұл пәни дүниемен шынайы құл ретінде қош айтысуды және қабіріміздің жәннат бақшасының бірі болуын қалайтын болсақ, алған әрбір демімізді ақтық демге дұрыс дайындауымыз керек. Яғни, бақыт толы ақырет өміріне қол жеткізу үшін осы дүниеде салих амалдармен безендірілген, берекелі де тура жолмен өмір сүруіміз қажет. Өйткені, Аллаһ Тағала:

«Саған яқин (өлім) келгенше Раббыңа құлшылық жаса!» (Хижр сүресі, 99-аят) деп бұйырған.

Сүннетті ұстанатындар, әлбетте, қабір азабы болатынына сенеді. Сондай-ақ, бұл мәселе дұрыс сүннет ілімі бойынша бекітілген.

Қабір азабының бар екені, болатыны туралы Пайғамбарымыздан (с.а.с.) көптеген хадистер жеткен. Солардың біразын атап өтейік:

Әл-Маруази: «Ахмад ибн Ханбал: «Көр азабы хақ, оны тек адасқан немесе адастырушыдан басқа ешкім жоққа шығармайды», – деді», – деген.

Ханбал: «Әбу Абдуллаһқа қабір азабы жайында айттым. Ол: «Бұл дұрыс хадистер, оларға сенеміз де мойынсұнамыз. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жақсы сәнәдпен жалғасып жеткен ілімнің бәріне бойсұнамыз. Егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бізге мұраға қалдырған істерін мойындамай, қарсы шықсақ, кері қайтарсақ, онда ісін Аллаһқа қайтарған боламыз. Құран Кәрімде: «Сендерге Пайғамбар не әкелсе алыңдар да, неден тыйса одан тыйылыңдар әрі Аллаһтан қорқыңдар! Әлбетте, Аллаһ – қатты азап иесі» («Хашр» сүресі, 7-аят.), – деп айтқан.

Оған: «Қабір азабы хақ па?», – деп сұрақ қойдым. Ол: «Хақ, адамдар қабірлерінде азапталады», – деді. Сосын: «Әбу Абдуллаһтың: «Көр азабына, Муңкәр мен Нәкірге және пенде қабірінде сұраққа алынатындығына иман келтіреміз: «Аллаһ иман келтіргендерді өзгермейтін, орнықты сөздермен бұлдүниеде де, Ақыретте де орнықты етеді»(«Ибраһим» сүресі, 27-аят.), – деген аяты қабірге қатысты дегенін естідім», – деген.

Ғұламалар: «Әлбетте, қабір азабын барзах азабы деп білуіміз керек. Сондықтан қайтыс болған күнәкар адам жерленсе де, жерленбесе де көр азабынан құтыла алмайды. Жыртқыштар жеп қойса да немесе жанып, күлге айналса да, ауаға жайылып тарап кетсе де, дарға асылып немесе теңізге батып өлсе де, тәні мен жаны қабір азабын шегеді», – деген.

Сонда оның қинауға толы ауыр жазаларға ұшырағандағы азабы, тозақ оты күшейе түскендегі күні не болар екен?…

Аллаһ тағаладан бізді кешіруін, мейірімі мен рақымын нәсіп қылуын сұраймыз.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерден біреулерің қабірге жерленген кезде оған екі қара-көк періште келеді. Біреуі Муңкәр, келесісі Нәкір деп аталады. Бұл екеуі оған: «Мына Мұхаммед деген адам жөнінде не деуші едің?», – деп сұрақ қояды. Әлгі адам (тірі кезінде) не айтса соны қайталайды. Егер мүмін болса: «Ол – Аллаһтың құлы және елшісі, Әшһәду әллә иләһә иллә Аллаһу, уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ», – дейді. Екі періште: «Біз сенің осылай айтқаныңды білетінбіз», – дейді. Сөйтіп оның қабірін жетпіс білек көлемінде кеңейтіп, жап-жарық етеді, сосын оған: «ұйықта!» – дейді. Сонда ол: «Туысқандарыма, байлығыма қайтайын, оларға осы халім туралы хабарлайын», – дейді. Оған екі періште: «Жаңадан отау тігушілерді ешкім оятуға батылы бармайтын, тек жақсы көретін туысы ғана оятатындай жағдайда ұйықта!» – дейді. Аллаһ тағала сол орнынан қайта тірілткенге дейін ол осындай рахат ұйқыда жатады.

Ал мұнафық болса: «Білмеймін, адамдардың бірдеңе дейтінін естіп, мен де соны айтатынмын», – дейді. Сонда екі періште: «Сенің солай айтатыныңды білетінбіз», – дейді. Сосын жерге: «Оған жақында», – деген әмір беріледі, жер жақындап оны қабырғалары айқасқанша қысады, сөйтіп Аллаһ сол орнынан тірілтіп тұрғызғанға дейін азап шеге береді», – деді», (Әт-Тирмизи, Ибн Хиббан  ) – деген

Мәйiт жерленгеннен кейiн, одан Раббысы, дiнi және пайғамбары жайында сұрақ қойылады. Аллаһтың сөзiне сенгендердi Аллаһ табанды етедi. Сөйтiп, ол “Раббым – Аллаһ, дiнiм – Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)”- деп жауап бередi. Ал залымдарды Аллаһ шатастырып, нәтижесiнде имансыз адам: “Һа-Һа! бiлмеймiн”, – деп жауап берсе, екi жүздiлер немесе күдіктенгендер: “Бiлмеймiн, адамдардың айтқанын есiтiп, мен де соны айттым ғой”,- дейдi.

Жалпы алғанда адамдар қабір азабына Аллаһ тағаланы танымағандықтарынан, Оның бұйрықтарына көңіл бөлмегендіктерінен және Ол тыйым салған күнә істерге бойұрғандықтарынан ұшырайды. Аллаһ тағала Өзін таныған, сүйген, бұйрықтарына бойсұнып, қайтарғандарынан қашық жүрген ешбір рухты да, тәнді де азаптамайды. Шын мәнінде, қабір азабы – Аллаһтың пендесіне деген ашу-ызасының әсері болып табылатын Ақырет азаптарының бірі. Демек, кімде-кім бұл дүниеде Аллаһтың ашу-ызасына тиіп, сосын тәубе қылмай өлсе, ол Аллаһ тағаланың ашу-ызасы дәрежесінде барзах азабын көреді.

Мүміндердің анасы Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) намазда тұрып: «Уа, Аллаһ! Мен Өзіңе қабір азабынан, мәсих дәжжалдың бүлігінен, өмір мен өлім сынағынан және жаһаннам азабынан сақтауыңды сұрап жалбарынамын», (Әл-Бұхари, Муслим ) – деп дұға қылатын.

Сүннетті ұстанушы төрт мазһаб өкілдерінің бірауыздан мақұлдауы бойынша мұның шешімі төмендегідей: «Қабір азабы мен нығметтері жан тәннен бөлінсе де, тәнмен бірге қосылып тұрса да, екеуіне ортақ, олар бірге азапталады немесе бірге нығметке бөленеді», – деп айтқан», – деген.

«Шир’ат-ул-Ислам» кітабының соңында былай жазылған: Қабір зияраты сүннет болып табылады. Зиярат етіп келген адам мәйіттің шірігенін ойлап, ғибрат алады. Осман “радиаллаһу анһ” қабірдің қасынан өтіп бара жатқанда көп жылайтын, сақалы суланып кететін еді. Мәйіт те жасалған дұғадан пайдаланады. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” туыстарының және сахабаларының “радиаллаһу та’ала анһум” қабірлерін зиярат ететін еді. Сәлем және дұғадан кейін, құбылаға кері бұрылып, қабірге қарап отыру керек. Хадис шәрифте: «Бір адам танысының қабіріне барып сәлем берген кезде, мәйіт оны таниды және сәлеміне жауап береді», – делінген. Ахмед ибн Ханбал “рахимә-һуллаһу та’ала”: «Мазардың қасынан өтіп бара жатқанда Ихлас, екі «Құл аузу» сүрелерін және Фатиханы оқып, сауабын мәйіттерге бағыштау керек. Оларға сауабы тиеді», – деген. Әнәс бин Малик “радиаллаһу та’ала анһ” білдірген хадис шәрифте: «Аят-әл күрсиді оқып, сауабын мәйіттерге бағыштаған кезде, Аллаһу та’ала мұны барша мәйіттерге жеткізеді», – делінген.

Хатим әл-Асам: «Кімде-кім молалардың жанынан өткенде өзінің де солардай болатыны туралы ойланбаса, оларға дұға етпесе, онда өзіне және оларға қиянат жасағаны», – деген.

Аптасына бір рет, ең болмағанда айт күндері зиярат етіледі. Бейсенбі немесе жұма немесе сенбі күндері зиярат ету сауаптырақ болады.

Бәра (радиаллаһу анһу) былай дейді:

«Біз Расулуллаһпен (с.ғ.с.) бірге біреудің жаназасында болдық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірдің шет жағына отырып, жылай бастады. Тіпті, оның көзінен аққан жастар жердегі топырақты сулады. Кейін ол:

«Уа, бауырларым! (Барлығымыздың басымызға келетін) мына өлімге жақсылап дайындалыңдар!», –деді (Ибн Мәжә, Зүһд 19).

Хакім Абай бабамыз өзінің «Қара сөздерінің бірі, яғни төртінші қара сөзінде» былай деген екен:

«Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», – деген.

Хадис шәрифтерде: «Бір мүминнің қабірін зиярат етіп, «Аллаһумма инни әс-әлука би-хаққи Мухаммадин уә әли Мухаммадин ән лә-ту’аззибә һәзәлмәйит» десе, мәйіттің азабы тоқталады.» «Ата-анасының немесе олардың бірінің қабірін әр жұма сайын зиярат еткен адам кешіріледі» делінген.

«Жила-ул-қулуб» кітабында былай делінген: Мазарға барған адам түрегеп тұрып «Әссәләму алейкум, йа әһлә дар-ил қаум-ил му’минин! Инна иншааллаһу ан қарибин бикум ләхиқун» дейді. Содан кейін «Бисмиллаһ»-пен он бір рет «Ихлас» және бір рет «Фатиха» сүрелерін оқиды. Кейін «Аллаһумма рәббәл-әжсадил-балийәһ, уәл-изамин нахира-тилләти харажәт минәддуния уә хия бикә му’минәтун, әдхил алейһа раухан мин индика уә сәләмән минни» дұғасын оқу керек. Қабірдің жанына келгенде мәйіттің оң [қабірдің құбыла] және аяқ жағынан жақындайды. Сәлем береді. Түрегеп тұрып немесе тізерлеп немесе отырып, «Бақара» сүресінің басы мен соңын, «Ясин» сүресін, «Тәбәракә», «Тәкәсур», «Ихлас» және «Фатиха» сүрелерін оқып, мәйітке бағыштайды.

«Китаб-ул-фиқһ аләл-мәзаһиб-ил-әрбә’а»-да былай делінген: «Өліден ғибрат алу және ахиретті ойлау үшін қабірді зиярат ету еркектерге сүннет болып табылады. Ханафи мен Малики мазһабтарында бейсенбі, жұма және сенбі күндері зиярат ету муәккад сүннет болады. Шафии мазһабында бейсенбі күні екіндіден бастап сенбі күні күн шыққанға дейін муәккад сүннет болады. Зиярат етіп келген адамның мәйітке Құран оқып, оған дұға етуі қажет.

Бұлардың мәйітке пайдасы тиеді. Мазарға кіргенде «Әссәләму алейкум, йа әһлә дар-ил қаум-ил му’минин! Инна иншааллаһу ан қарибин бикум ләхиқун» деп айту сүннет. Жақын және ұзақта орналасқан кезкелген қабірді зиярат етуге болады. Әсіресе салихтарды, әулиелерді “рахимә-һумуллаһу та’ала” зиярат ету үшін ұзақ жерге бару сүннет болып табылады. Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мүбәрәк қабірін зиярат ету ғибадаттардың ең құндыларынан. Қарт әйелдердің де оранған күйде зиярат етулері жаиз. Фитна мен бүлікке себеп болатын болса, қарт әйелдердің де зиярат етулері харам болады. Зиярат еткен кезде қабірді тауаф ету (айналып жүру), тасты, топырақты сүю, өліден бір нәрсе сұрауға болмайды.»

Әйелдердің қабірді зиярат етуі қайғыру, жылау, бақыру үшін болса және еркектердің арасына араласып, бүлік шығару үшін болса, харам болып табылады. Мұндай әйелдерге лағнет жауады. Жасы үлкен әйелдердің еркектердің арасына араласпай, туысының және әулиелердің қабірлерін зиярат етуі жаиз болса да, жас қыздарға мұндай зиярат мәкрух болады. Әйелдердің жаназаға қатысуы да осындай.

Қазіргі кезде мұсылмандар арасында өлген адамды жерлеудің исламдық жол-жорасы әрқалай болып келеді. Оның басты себебі: діни ғұрыптардың түрліше қалыптасуы. Ислам дінінде  мәйітті жерлеудің өзге діндерге қарағанда өзіндік қағида-ережелері бар. Мұсылман мәйіті шариғатқа сай  жақын жердегі зиратқа жерленуі тиіс. Бірақ бұл көп орындала бермейді. Себебі, қалталы азаматтардың көпшілігі өздерінің марқұмын  әйгілі зираттарға жерлеуге құмар.

Мұсылмандар қауымында қалыптасқан қағидаларға сай қабірді аяқпен басуға, оның үстіне отыруға, ұйықтауға, түзге отыруға, шылым тартуға, қоқыс тастауға тыйым салынған. Бұл әрекеттер марқұмға көрсетілген құрметсіздік болып табылады. Сондықтан, зиратқа емін-еркін кіріп-шығып, молаларды аралай алатындай үлкенді-кішілі арнайы жолдар болғаны абзал.

Молаға келген адамдардың қабірді тәуап ету, тасын сүю, аруақтан бірдеме сұрау секілді шариғат үкімдеріне қайшы іс-әрекет жасауы дұрыс емес.

Елімізде соңғы жылдарда қабір басына күмбездеп үй салу, мейілінше әшекейлеп қоршау, сурет салып, мүсінін жасатып қою кең етек алып, тіпті, бақталастық жарысқа айналып кетті.

Ендеше «Қабір топырағын бір қарыc қана көтеруге болады», – деген сөздің өзі қабір тұрғызу заңдылықтарын нақты түсіндіріп тұрғанына көз жеткізуге тиіспіз.

Өйткені, ол мұсылманның діни сенім-нанымы мен көзқарасын бұзуға әкеп соғады.  Өткен қауымдарда бір ізгі пенде өлсе, оны еске алып отыру үшін оның мүсінін және суретін жасайтын болған. Әуелде адамдар оған тек құрмет ретінде қараған екен. Кейінгілер дүниеден өткен ата-бабаларын көкке көтеріп, оларды артық мадақтап сыйлауды шығарған. Ал, тағы бірнеше ұрпақ өткен соң, тіпті, оларға сиынатын болған. Міне, осы ащы тәжірибеден кейін ислам діні жанды нәрсенің суретін сызып, мүсінін жасауға тыйым салған.

Қабір – бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес.

Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес. Өйткені, Алла тағала: «…төгіп-шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – дейді. Лаймен сылап қоюдың оқасы жоқ. Екіншіден, қабірге алтын жалатса да, оның өлікке ешқандай пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Пайдасыз жұмыс жасау мұсылман қауымы үшін – харам. Үшіншіден, қабір үстіңгі жағы ашық қалдырылғандықтан, оның үстінен түскен жауыннан өніп шыққан өсімдіктер қабір ішінде жатқан мәйітке пайдалы деген ұғым бар.

Алайда, мазарларды ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да пайдасы жоқ. Керісінше, осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаржыны қайырымды шараларға: кембағал, міскін адамдарға көмек беруге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, кедей оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болса, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.

Алла Тағала әрбір жасаған іс-әрекеттерімізді шариғат шеңберінде жасауды нәсіп етсін. Әмин!

 

Омар қажы Елеуұлы Көбеков

«Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің Бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38