Абдулланың қай жылы туғандығы жайында нақты дерек жоқ. Сол сияқты оның балалық шағы да Ислам тарихында беймәлім болып қалған. Абдулла алғашқы мұсылман сахабалардың алтыншысы болған. Оның толық есімі Абу Абдуррахман Абдулла ибн Масғуд ибн Ғафир ибн Хабиб ал-Хузали. Әкесінің есімі Масғуд, ал шешесі Умму Ғабд.

Абдулла Ислам тарихында Абу Абдуррахман және шешесі Умму Ғабдтың ұлы деген мағынаға келетін ибн Умму Ғабд тәрізді лақабтарымен де танымал болған.

Абдулланың мұсылман болуы

Абдулла кедей жанұяда дүниеге келеді. Осы себепті Абдулла жастық шағында Мекке тысында Уқба ибн Муғайттың қойларын бағып, әке-шешесіне жәрдем етеді.

Абдулла Хазірет Пайғамбармен (с.а.у.) алғаш рет кездескен сәтін: «Уқбаның қойларын жайып жүргенмін. Бір күні Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Әбу Бәкір (р.а.) жанымнан өтті. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) менен сүтің бар ма деп сұрады. Мен қойдың иесі емес екендігімді айттым. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «қысыр әрі сүт бермейтін қой бар ма? Маған сондай бір қойды көрсетші» – деді. Мен сондай бір қой алып келдім. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) оны сауып сүтін Әбу Бәкірге (р.а.) берді. Кейін өзі де ішіп қойды жібере салды» – деп баяндайды (Ибн Сағд, Табақат III, 150-151).

Осы оқиға Абдулланың Ислам дінін қабылдауына үлкен ықпал етеді. Мұсылмандықты қабыл еткеннен кейін Абдулла Ислам дініне дұшпан болған Уқба ибн Муғайттың малдарын өзіне табыстап Меккеге орналасады.

Абдулланың жастық шағы

Абдулла мұсылман болғанда Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) Арқамның үйіне көше қоймаған еді. Абдулла үнемі Құран жаттайтын. Ол жетпіс сүрені Хазірет Пайғамбарымызға жатқа тапсырып берген. Ал қалғанын өз бетінше жаттап бітірген.

Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) Қағбада отырып құран оқитын. Алайда, басқа сахабалар әлсіз, кедей топқа тиісті болғандықтан ашық түрде құлшылықтарын орындай алмайтын. Жағдай осылай болса да сахабалар: «Құрайштықтарға Хазірет Пайғамбардан (с.а.у.) өзге кім барып Құран оқи алады» – деп өзара сөйлеседі. Сонда Абдулла ибн Масғуд ойланып жатпастан-ақ: «Мен оқимын» – дейді. Айтқан сөздеріне сол сәтте өкінгендей сыңай танытқан сахабалар бұл істің қауіпті екенін айтып Абдулланы райынан қайтаруға тырысады. Ал Абдулла болса: «Мені олардың жамандығынан Аллаһ қорғайды» – деп Қағбаны бетке алады.

Қағбада осы сәтте Құрайш көсемдері жиын өткізіп жатқан болатын. Абдулла Мақаму Ибраһимде дауыстап Рахман сүресін оқиды.

Абдулланың бұл іс-әрекеті мүшриктерді қатты ашуландырады. Мүшриктер Абдулланы ұрып-соғып, қатты қинайды. Науқастанып қалған Абдулла: «Олардың осыншалықты шарасыз қалған кезін бұрын көрмеппін» – деп ертесіне тағы да Қағбада Құран оқиды. Осындай кездердің бірінде Қалам сүресін де оқиды.

Мүшриктер Абдуллаға дұшпандық жасап оны қыспаққа алады. Нәтижесінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Абдулланың алғашқы көшпен Хабашистанға қоныс аударуына рұқсат береді. Кейін Мәдинаға барып Муаз ибн Жәбәлдің үйінде тұрады. Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мадинаға хижрет еткенде Абдуллаға бір жерді нұсқап сонда тұруын әмір етеді. Осылайша Абдулла анасымен бірге мешіт жанындағы Суффа иелерімен бірге тұрады.

Абдулланың атқарған қызметтері

Бәдір шайқасында Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әбу Жәһилге не болғанын біліп келетін адам бар ма?», – дейді. Абдулла барып қараса Әбу Жәһил жан тапсырғалы жатыр екен. Абдулла Әбу Жәһилдің сақалынан алып мойнына басады. Әбу Жәһил өлім аузына тақалса да тым жоғары шығып кетіпсің ғой дейді. Кейін қай жақ жеңіске жетті деп сұрайды. Абдулла мұсылмандар жеңіске жетті дегенде Әбу Жәһил ашуланып Мухаммедке айт оған деген дұшпандығым тағы да арта түсті дейді. Абдулла Әбу Жәһилдің басын шауып алып Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына алып келеді. Әбу Жәһилдің шабылған басын көрген Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Ол осы үмбеттің Ферғауны», – дейді. Кейін Әбу Жәһилдің қылышын Абдуллаға сыйға тартады.

Абдулла Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде барлық шайқасқа қатысады. Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салғанда біраз уақыт жалғыздықта өмір кешеді.

Хазірет Әбу Бәкірдің кезеңінде Абдулла Мәдина мен басқа да орталықтарды қорғауды қамтамасыз ететін комиссияның мүшесі болады.

Хазірет Омардың кезеңінде Абдулла мұсылман әскерімен бірге Сирия жорығына қатысады. Ал Хижреттің 20-шы жылы Хазірет Омар Абдулланы Куфаның мұғалімі және қазына басшысы етіп тағайындайды. Хазірет Омар Куфа халқына жазған хатында: «Сендерге Аммар ибн Ясирді әмірші, Абдулла ибн Масғудты мұғалім етіп жіберудемін. Әрі Куфа қазынасына Абдулла ибн Масғудты басшы етіп тағайындадым. Олардың екеуі де Бәдірге қатысқан. Олардың айтқандарын екі етпеңдер. Абдулла ибн Масғудты өз жанымда көргім келсе де оны сендерге жіберуді жөн көрдім», – дейді.

Хазірет Осман кезеңінде Абдулла Мәдинаға оралады. Алайда Хазірет Осман Абдулланы Куфаға қайта жібереді.

Абдулланың ғылыми деңгейі

Абдулланың ғылымға бейім екенін байқаған Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сен тәлімгер болатын жігіт екенсің», – деген (Ибн Сағд, Табақат III, 130).

Абдулланың ғылымдағы мәртебесі баяндалған еңбектерде Құран, Хадис және Фиқһ салаларында үлкен атаққа ие екендігі айтылады. Сахабалар өмір сүрген бұл кезеңде ғылым атаулының барлығы осы үш ғылымда жинақталған болатын.

Мұнда Абдулланың бұл ғылымдардағы шеберлігі, әдістері мен пікірлеріне тоқталмастан тек қана бірнеше хадис пен қажетті деп пайымдаған мағлұматтарды бере кетеміз.

Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Құранды мына төрт адамнан үйреніңдер: Абдулла ибн Масғудтан, Муаз ибн Жәбәлдан, Убай ибн Кағбтан және Салимнан» – деген (Бұхари, Фадайлул-Құран 8).

Абдулланың өзі хадис риуаят ету жайында: «Хазірет Пайғамбардан (с.а.у.) бір сөз риуаят еткенде ол сөздің пайғамбарлық шеніне лайықты екендігін, үмбетінің тура жолға түсуіне пайдалырақ екендігін және тақуалыққа сәйкес екендігін көрсетіңдер», – деген (Ахмад, Мүснәд I, 385).

Абдулла көп хадис риуаят еткен сахабалардың бірі. Хадис кітаптарында оның 848 риуаяты келтірілген.

Абдулла Фиқһ мәселесінде: «Біріңізден сұрақ сұралып пәтуә беруіңізге талап етілсе Аллаһтың кітабына қарай үкім берсін. Егер сұрақтың жауабы Құраннан табылмаса Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетіне қарай үкім берсін. Құраннан да Сүннеттен де жауабы табылмаған мәселе болса салих (игі) адамдардың пікіріне сүйенсін. Сұрақтың жауабын бұлардың ешбірінен таба алмаса жасқаншақтық танытпай өзі ижтиһад (еңбек) етсін», – деген (Ибн Қайим, Иғлам I, 63).

Абдулла атақты фиқһшы сахабалардың бірі. Әбу Ханифаның ғылымдағы ұстаздар тізбегінің бірі Абдуллаға барып тіреледі. Имам Ағзамның ұстазы Хаммад ибн Суләйман атақты ғалым Ибраһим ан-Нахағидан ғылым үйренген, Ибраһим ан-Нахағи болса Алқама ибн Қайстан ғылым үйренген, ал Алқама ибн Қайс болса Абдулла ибн Масғудтың Фиқһ ғылымындағы ең атақты шәкірті болып есептеледі.

Абдулланың ерекшелігі

Абдулла көзінің тірісінде жәннатпен сүйіншіленген және Суффада Хазірет Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тәлім алған сахаба. Екі мәрте Хижрет жасап алдымен Эфиопияда, кейін Мәдинада тұрған. Екі қыбыланы да көріп алдымен Палестинадағы Ақсаға, кейін Меккедегі Қағбаға жөнеліп намаз оқыған. Бұған қоса Құран ғылымында «Таржуманул-Қуран», Хадис ғылымында «Муксирун» және Фиқһ ғылымында «Абадила» сияқты атақтарға ие болады.

Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жақын жолдасы болып Әлемдердің Мырзасы (с.а.у.) Абдуллаға сырларын айтатын. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) Абдуллаға құзырына рұқсатсыз кіріп-шығуына да рұқсат берген (Ибн Сағд, Табақат III, 153).

Абдулланың мінез-құлқы Хазірет Пайғамбарымызға (с.а.у.) қатты ұқсайтын. Дене бітіміне келер болсақ Абдулла бойы аласа, арықтау келген, жылы жүзді және қуатты да әсем дауысты болған.

Бірде Абдулла Хазірет Пайғамбарымызға (с.а.у.) Мисуак жинап беру үшін бір талға шығады. Жанындағы сахабалар Абдулланың аяғының жіңішкелігін көріп күле бастайды. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Неге күлесіңдер? Қиямет күні Абдулланың аяғының сауабы Ухуд тауынан да ауыр болады», – дейді.

Мешітте «Ниса» сүресін дауыстап оқып отырғанда Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.), Әбу Бәкір және Омар кіріп келеді. Үшеуі де Абдулланы тамсана тыңдайды. Кейін Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Ибн Масғуд! Қалағаныңды сұра, саған беріледі», – дейді (Ахмад, Мүснәд I, 454).

Араб халқының әдеті бойынша ер кісінің ұлының есімімен аталуы өзі үшін атақ болып есептелетін. Мәселен Хазірет Пайғамбарымыз да (с.а.у.) Әбул-Қасым деп аталған. Абдулланың ұлы болмаса да мұсылмандар оны құрметтеп Әбу Абдуррахман лақабын берген. Кейіннен расында да Абдулла ұлына Абдуррахман есімін береді.

Абдулла өзге де сахабалар сияқты Аллаһ жолында шейіт болуды армандайтын. Абдулла өзінің жеткізген бір хадисінде: «Тәбук соғысы жүріп жатқан болатын. Бір күні түн ортасында ояндым. Әскер тұрақтаған жерден бір жарық көрдім. Бұл не болды екен деп қарасам Хазірет Пайғамбар (с.а.у.), Әбу Бәкір және Омар қайтыс болған Абдулла Зулбижадайн ал-Музаниді көмгелі жатыр екен. Бір жерді қазып Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) ішінде тұр екен. Ал Әбу Бәкір мен Омар мәйітті оған берді. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) оны қабіріне қойып жатып: «Аллаһым! Мен одан разымын, сен де разы бол», – деп жатты. Әттең сол қабірге мен жерленген болғанымда ғой», – деп әлгі сахабаға тамсанады.

Абдулланың шәкірттері

Абдулла Куфа ғалымдарының басшысы іспеттес болған. Сол заманда Куфада ғылыммен шұғылданған әрбір мұсылман Абдулладан тәлім алуға ұмтылатын. Абдулланың шәкірттерінің саны өте көп болған. Кейбір шәкірттері Абдулла сапарға шыққанда да одан ажырамайтын. Абдулланың бірнеше атақты шәкірттерін атасақ жеткілікті болар деп ойлаймыз. Мәселен Тәфсір ғалымдары Хасан әл-Басри мен Қатада, Фиқһ ғалымдары Алқама ибн Қайс пен Қазы Шурайх Абдулланың бірегей атақты шәкірттері.

«Ғылым бұлақтары, тура жол шырақтары болыңыздар. Белгілі үйлеріңіз болсын. Шырақ іспеттес айналаға сәуле шашыңдар. Киімдерің ескі болуы мүмкін. Мұның ешбір маңызы жоқ. Жүректерің тап-таза мөлдір болсын. Жер бетіндегілер сендерді танымаса да аспан иелері тарапынан айқын білініп бағаланасыңдар» (Әбу Нуғайм, Хилия I, 77).

Абдулланың қайтыс болуы

Абдулла алпыс жасынынан асқан шағында науқастанып түсінде Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оны жанына шақырып жатқанын көреді. Жолдасының науқастанып жатқанын естіген Хазірет Осман оның көңіл-күйін сұрап үйіне барады. Абдулланың көңілін сұрап көптеген сахабалар келеді.

Абдулла Хижреттің 32-ші жылы (Милади 652) қайтыс болады. Зубайр мен ұлы Абдулла ибн Зубайр марқұмды жуып кепенін кигізеді. Ал жаназа намазын Хазірет Осман оқиды. Абдулланың денесін Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешітінің жанындағы Бақиғ қабірстанына Осман ибн Мазғун қояды.

ҚМДБ Шымкент қаласы баспсөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38