• Сұрақ: Жауабын таба алмай жүрген мәселем бар еді. Тойларда болғанда кейбір жігіттер «беташар» жасағанды жақтырмай, «дінге жаңалық енгізу» деп жатады. Сонда дінді ұстанған адам дәстүрдің бәрін де тәрік ету керек болғаны ма?
  • Жауап: Сұрағыңыз өте орынды, қойғаныңыз үшін Алла разы болсын. Бүгінде қоғамымыз арасында жат пиғылды, бұрыс көзқарасты діни ағымдардың белең алғандығы белгілі. Олардың ішінде Исламды жамылып, Қазақ халқына қарсы іс-әрекет жасап жатқандар да баршылық. Өкінішке орай, сондай ағымдардың қатарына кірмесе де, діни сауатсыздығынан сондай ағымдардың пікірлерін ұстанып жатқан бауырларымыз да жоқ емес. Қазақ ежелден мұсылман болған халық. Қасым ханның қасқа жолы да, Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» да ислам шариғатына негізделген болатын. Сіздің сұрағыңызға келсек, қазақта «беташар» деген керемет дәстүр бар. Бұл дәстүр толығымен ислам аясында пайда болған. Беташардың мәнісі – ауылға, руға жаңадан келін келіп түскенде, қиылатын некені ел-жұртқа жариялап, қуанышты хабарды халыққа жеткізу. Расында, мұндай шара Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген. «Беташар» «алғашқы той» дегенді білдіретін сөз. «Тойдың алғашқысы осы болсын, мұнан соң келіннің арқасыннан тойлар бола берсін» деген мағынада ғой. Ал, жаңадан түскен келіннің бетін ақ орамалмен көлегейлеу салтының мәнісі «бізге бөтен едің, ал енді біздің туысымызға айналдың, бізден болдың» деген мағыналарды қамтиды. Ислам шариғатындағы нормаларды зерделеген адам, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) исламға қайшы келмейтін, бәлкім соның шеңберіндегі моральдік принциптерімен үйлесетін салт-дәстүрлерге тыйым салмағандығына көз жеткізеді. Алла Тағала біліміңізді асырып, иманыңызды күшейткей!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38